Бүгін «Құзыреттілік орталығында» облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің қатысуымен «Жастар және сайлау» атты республикалық форум өтті. Оған Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен барлық өңірдің аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары, Жас сайлаушылар клубының белсенді мүшелері келді.

Аймақ басшысы мемлекетіміздің келешек тағдырын айқындаған референдумда сайлау комиссиялары маңызды рөл атқарғанын ерекше атап өтті.

«Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Біз Халық Конституциясын келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізді терең сезіне отырып қабылдадық. Ата заң – қуатты, күшті, бәсекеге қабілетті Қазақстанның жаңа Жарғысы. Жаңа Конституция – көне заманнан бері бабаларымызға бағдар болған дала заңдарының бүгінгі жалғасы, ұрпақтар арасындағы сабақтастық көрінісі» деген болатын.
Жаңа Ата Заңымыз тәуелсіздігімізді, аумақтық тұтастығымызды сақтайды. Азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қорғайды. Елімізді тың жетістіктер мен табыстарға бастайды.
Біртұтас Қазақстан халқының барлық мақсат-мүддесі ескерілген халықтық Конституция еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Президентіміз Ғылым қызметкерлеріне арналған салтанатты шарада жаңа Конституция күшіне енген соң бір палаталы Құрылтай сайлауы биыл тамыз айында өтетінін айтты. Бұл сайлауда да Сыр жұртшылығы ауызбірліктің үлгісін көрсетіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізеді деп сенеміз», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Өңірде сайлау органдары мен сайлау жүйесіне ерекше мән беріліп келеді. Аймақтар арасында алғашқы болып аумақтық сайлау комиссиясы жаңа үлгіде жабдықталған дербес ғимаратқа көшті. Қызылорда қаласы мен барлық аудандағы сайлау комиссияларына да ғимараттар беріліп, материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Дауыс беру учаскелерінде сайлаушыларға, әсіресе мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы жағдай жасалған.
Президент, Мәжіліс депутаттарының сайлаулары мен жалпыхалықтық референдумдарға қатысу көрсеткіші бойынша Қызылорда облысы республикада алдыңғы қатардан көрінді.
Жиында Нұрлан Мәжитұлы сөз сөйлеп, республикалық референдумды жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан азаматтар Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысымен, Орталық сайлау комиссиясының ведомстволық медалімен, Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

БӨЛІСУ