Қазір саламатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамыту айрықша маңызды. Әсіресе, балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау қажет. Мұның бәрі халықтың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді, – деп айтты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында.
Жастарды спортқа баулу – жарқын болашақ кепілі. Сондықтан Президентіміз айтқандай бұл тұрғыдағы атқарылар жұмыстарды жандандыру аса маңызды. Әрі кезек күттірмейтін мәселе. Болашағымыз деп үміт артқан жастарымыздың дені ғаламтордың шырмауынан шыға алмай жатқаны да көңіл құлазытпай қоймайды. Қазіргі қоғам – жаңа ақпараттық технологиялардың қоғамы және XXI ғасырдың бұл ағымы – қоғам дамуының жаңа дәрежесіне жеткізді. Ақпарат алмасу, қарым-қатынас орнату, жұмыс іздеу, білім алу мүмкіндігі және тағы басқа іс-әрекеттер шынайы әлемге қарағанда виртуалды әлемде жүзеге асатын болды. Интернет жастардың ең сенімді құралдардың біріне айналды.
Сол себепті, балаларды жастайынан спортқа бейімдеу басты мақсатымыздың бірі болуға тиісті. Спортты жанына серік ету арқылы олар дені сау ұрпақ ретінде қалыптастып қана қоймай, тәрбиелі әрі саналы жастардың қатарын арттыруға септігін тигізеді. Ол үшін әлбетте біздің қоғам соған сай жағдай да жасай білуі қажет-ақ. Бүгінгі жасөспірімдер әлжуаз болса, онда біздің болашағымыз да бұлыңғыр. Ел көлемінде бұқаралық спорт дамығанда ғана біз саламатты Қазақ елі ретінде дамуға бет аламыз.
Милиярова Бахар Закарияевна,
Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы
«Ассамблея жастар» ұйымының белсендісі