Қызылордада «Бизнеске жол» жобасы аясында 80-ге жуық кәсіпкердің құқығы қорғалды

Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті «Бизнеске жол» жобасының аясында екі айда 80-ге жуық кәсіпкердің құқығын қорғады.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігініңбиыл республика көлемінде бастаған «Бизнеске жол» жобасының мақсаты – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге кәсіпкерлерге құжаттарды ресімдеу кезінде орын алатын әртүрлі әкімшілік кедергілерді еңсеруге көмектесу, мемлекеттік қызметшілер қабылдайтын шешімдердің мерзімдері мен ашықтығын сақтауды қамтамасыз ету.

Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Салават Құлмахан «Бизнеске жол» жобасына бірнеше айдан бір жылға дейін шешілмей жүрген кәсіпкерлердің проблемасын ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшыларымен бірге қарап жатқанын жеткізді.

«Облыстағы антикор басшысының қатысуымен Палата алаңында 90-ға жуық кәсіпкер қатысқан 8 шара өтті. Осы шаралардың қорытындысымен біз департаментке кәсіпкерлердің атынан 11 өтініш жібердік. Әзірге төртеуі оң шешілді, қалғаны қаралып жатыр. Нәтижесінде 80-ге жуық кәсіпкердің құқығы қорғалды», – дейді Салават Құлмахан.

Шешілген мәселенің бірі базарда қызмет көрсететін 75 кәсіпкердің мүддесін қозғайды. Базар басшысы сол аумаққа қойылған жол белгісі салдарынан сауда орнында қызмет көрсететін кәсіпкерлерге де, тұтынушыларға да зиян келіп тұрғанын айтып, көмек сұраған..

Мәселе «Бизнеске жол» жобасында көтерілгеннен кейін жауапты сала мамандары жол белгісін алып тастады.

Дәл осылай, жоба аясында теміржол вагондары арқылы тауарын жеткізуге шектеу алған, сондай-ақ сыртқы көрнекі ақпарат құралы үшін уақытша, жалға жер сұраған кәсіпкерлердің мәселесі оң шешілді.

Айта кетейік, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облыстық департаментінің басшысы Ернар Мақажанов әр аптаның сәрсінбісінде Кәсіпкерлер палатасының алаңында бизнес өкілдерін қабылдап, мәселесін тыңдайды.

БӨЛІСУ