Қала әкімі Асылбек Шаменовтың төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері және Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияларының кезекті отырыстары өтті.
Күн тәртібінде жер және қалалық сәулет салаларындағы сыбайлас жемқорлық сипатындағы заң бұзушылықтарды болдырмау бағытында қабылданған шаралар қаралды.
Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ғабит Қожахметов хабарлама жасап, бөлім жұмысына арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы қатысты ішкі талдау анықтамасы нәтижесі негізінде бірқатар ұсынымдарға тоқталып өтті.
Өз кезегінде комиссия төрағасы Асылбек Өмірбекұлы «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимылдың» №4 Үлгілік базалық бағыты жобасының маңыздылығын ескере келе, жоғары тұрған органдар тарапынан берілген тапсырмалардың сапалы әрі уақытылы орындалуы қажеттігін тапсырды.
Келесі кезекте құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияда қару қолдану арқылы жасалған, отбасылық тұрмыстық ортадағы зорлық-зомбылық және бұрын сотты болған азаматтармен жасалған қылмыстардың түрлері бойынша мәселелер талқыланды.
Құқық бұзушылық профилактикасының комиссиясының барысында қалалық полиция басқармасының бастығы Әбдібек Жаназаров пен қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Кенжегүл Құрақбаева сөз алып, аталған қылмыстардың орын алу себептері мен мән-жайлары бойынша жан-жақты баяндамалар жасады.
Бұл ретте, шаһар басшысы қиын жағдайға тап болған азаматтарға әлеуметтік және бейімдеумен қатар құқықтық қолдауды тұрақты түрде көрсету қажеттігін тапсырды.
Сондай-ақ, күн тәртібіндегі қосымша мәселе ретінде Қызылорда қаласының санитарлық тазалығына қатысты атқарылудағы жұмыстардың барысы талқыланды.
Оған қатысты комиссия мүшелерімен, қатысушылар тарапынан білдірілген бірқатар ұсыныстар көтеріліп, нәтижесімен құзырлы органдардың бірлесу арқылы атқарылатын жұмыстарды жандандыру бекітілді.