Бүгін аудан әкімі Серік Сермағамбетовтың төрағалығымен салалық мәжіліс өткізілді. Жиынға қала, кент және ауылдық округ әкімдері мен дербес бөлім басшылары қатысты.
Мәжілістің күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Алдымен аудан бойынша салық түсімдерінің орындалуы туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Т. Рашев баяндама жасады.
Хабарламада Төлеген Рашев өткен жыл қорытындысымен дербес бюджеттің кірістері 109,3 пайызға орындалғанын айтты. Дербес бюджетті барынша қосымша кіріс көздерімен ұлғайтып, жергілікті мәселелерді шешу жолдарын қарастыруды ұсынды.
Екінші мәселе – көктемгі дала жұмыстары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайында аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Ж. Жұбанов хабарлады.
Баяндамада Жәнібек Жұбанов өңірімізде егін шаруашылығын дамыту мақсатында биылғы жылға 1500 гектар егіс егу жоспарланып, тиісті жұмыстар басталғадығын жеткізді. Сондай-ақ, азаматтардың табысын арттыру және өз өзімізді азық түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында әрбір ауылда жеке азаматтардың бақша өнімдерін өндіруге жағдай жасау жөнінде облыс әкімінің берген тапсырмасына сәйкес, аудан көлемінде орналасқан дақылдарын орналастыру бөлінісінің іс-шара жоспары бекітіліп, тиісті тапсырмалар берілгендігін де атап өтті. 2023 жылға жоспарланған егін шаруашылығын дамытуға берілген жоспарды жеке және шаруа қожалық иелеріне қолдау көрсете отырып орындалуына ықпал жасауды ұсынды.
Жиында қозғалған тағы бір мәселе «Ауылдарды дамыту» мемлекеттік бағдарламасына ұсынылатын жобалар туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ш. Есжанов баяндады.
Биыл «Ауылдарды дамыту» бағдарламасы аясында 2023 жылы аудан көлемінде 33 жоба іске асырылады деп күтілуде. Атап айтсақ елді мекен көшелерінің автомобиль жолдарын жаңғырту бойынша – 19 жоба және абаттандыру жұмыстары бойынша – 14 жоба. Сондай-ақ, 2023-2024 жылдары қаржыландыру үшін облыстық, аудандық бюджеттік комиссияға 70 жоба ұсынылды. Баяндамада Шерхан Есжанов мемлекеттік бағдарламалардың өзгеруіне байланысты, аталған жобаларды іске асыру барысында, қала, кент, ауылдық округ әкімдерін тығыз байланыста жұмыс жасауға шақырды.
Мәжілісте аудан әкімі көтерілген мәселелерге жеке-жеке тоқталып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.
Салық түсімдері бойынша барлық қала, кент және ауылдық округтерге аудандық кірістер басқармасымен бірлесе отырып, салық салу базасын ұлғайту мақсатында әрбір елді мекендердегі тұрғын үйлердің, ғимараттардың, мүлік, жер салықтарына түгендеу жұмыстарын жүргізуді, елді мекендегі тіркелмей кәсіп жасап отырған жеке тұлғаларды тіркетіп, жан-жақты жұмыс жүргізуді тапсырылды.
Сондай-ақ, аудан басшысы көктемгі дала жұмыстарын барынша жандандырып, 2023 жылға бекітілген көрсеткіштерге қол жеткізу үшін егіс көлемін, тұқыммен қамтамасыз етілуін және жер жырту жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтауды және 2023 жылдың егін орналастыру бойынша жеке, заңды, шаруа қожалықтарының егетін егіс көлемін нақтылап, бекітілген межеге сәйкес орындалуын қатаң бақылауға алуды міндеттеді.
Мұнымен қоса, Серік Сағитжанұлы ауылдардың дамуына жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың аса маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі болып табылатын атап өтіп, қала, кент және ауылдық округ әкімдеріне жобаларын ауданымыздағы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту және ауылдардың инфрақұрылымын дамыту бойынша атқарылатын шараларды жандандыруды тапсырды.

БӨЛІСУ