Бұған дейін де кәсіпкерлікті қолдаудың түрлі іс-шарасы жүзеге асырылып келді. Енді саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға баса мән берілмек. Кешегі сөзінде Мемлекет басшысы осындай өзгерістер арқылы экономикалық саясатқа өзгеріс енгізіп, нақты мәселелермен айналысатын кез жеткендігін ашып айтты.
Кәсіпкерлерге ортақ мекеніміз Қазақстанның болашағын бірге құруға үндеген Мемлекет басшысы бұл жолда іскерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетініне кепіл болып отыр. Енді бюджеттен қаржыландырылатын ауқымды жобаларды ең алдымен отандық кәсіпкерлер жүзеге асыруға тиіс. Мұндай қолдау кәсіпкерлерді қанаттандыра түседі.
Биылдың өзінде Қызылорда облысында 250-ден астам жас пен 600-ден астам ауыл азаматы 2,5 пайызбен несие алады деп жоспарланып отыр. Ол үшін өңірге республикалық бюджеттен 4,3 млрд теңге бөлінді. Бұл ауыл тіршілігін жандандырып, салаға тың серпін береді.
Қай саладағы бастама да бірден жүзеге асып кете қоймасы белгілі. Осы орайда кәсіпкерлер де Мемлекет басшысының шағын және орта бизнесті экономика мен еңбек нарығының қозғаушы күшіне айналдыру бастамасына үлес қосады деп сенеміз.
Пірмұхаммед СЫЗДЫҚОВ,
Қызылорда облысы
Кәсіпкерлер палатасының
директоры