Қала әкімі Асылбек Шаменовтың халықпен кездесуі Қосшыңырау, Қарауылтөбе және Ақжарма ауылдық округтерінде өз жалғасын тапты.

Қала әкімі бірінші кезекте қалаға қарасты Қосшыңырау ауылдық округі тұрғындарымен кездесті. Кездесуде Асылбек Өмірбекұлы алдымен ауылдық округте атқарылып жатқан және алдағы уақытта атқарылатын игілікті істерді атап өтті. Өз кезегінде ауылдың тұрғындары қала әкіміне көкейде жүрген сауалдарын жеткізді.

Биыл ауылда атқарылатын ауқымды істің бірі Абай және Досан елді мекендерін газдандыру жобасы. Оған республикалық бюджеттен 663,0 млн. теңге қаржы қаралған. Сондай-ақ, республикалық бюджеттен бөлінген 56,5 млн. тг қаржыға «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Досан ауылындағы 5 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстары, бұдан бөлек, 3,8 млн. теңге қаржыға №1 көшеге жарық бағаналары орнатылатын болады. Абай елді мекеніндегі «Сиыр фермасы» учаскесіндегі 1 көшеге қиыршық тас төселеді.

​Мұнан кейін халықпен кездесу Қарауылтөбе ауылдық округінде жалғасын тапты.​

Елді мекенде ​«Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен бөлінген 274,4 млн. теңгеге 150 орындық ауылдық клуб үйінің құрылысы жүргізілуде.
Округтегі жаңадан қоныстанушы аумақтағы жалпы ұзындығы
9 шақырымды құрайтын 12 көшеге қиыршық тас төсеу жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, мердігер мекеме анықталуда. Ал кіре-беріс жолдың бойындағы R-1 каналына жаяу жүргіншілерге арналған көпір құрылысы үшін жоба-сметалық құжаттамасы мен мемлекеттік сараптама қорытындысы дайындалуда. Округ бойынша 8 дана КТПН, электр бағаналарын орнату жүргізілсе, жаңа қоныстанушы аумаққа техникалық су тарту ұңғымасын бұрғылауға 14,7 млн. теңге қаралды.

Шаһар басшысы бүгінгі халықпен кездесуін Ақжарма ауылдық округінде түйіндеді.

2023 жылға Қызылорда қаласында тұрғын үй құрылысын дамытуға, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жақсартуға Ұлттық қордан, республикалық және облыстық бюджеттерден барлығы 53 млрд. теңге бөлініп, ірі жобалар жүзеге аспақ.

Осы жобалардың ішінде, Ақжарма ауылдық округі бойынша «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде Тоғай көшесіне 2,5 шақырымды құрайтын көше жарығын орнату жұмыстары жүргізіледі. Баймұрат батыр мен Талдыарал елді мекендеріне 5 аялдама орнатуға 6,3 млн. теңге қаралды. Талдыарал елді мекеніндегі жаңадан салынған аумаққа ұңғыма (скважина) орнату үшін жобалық – сметалық құжаттарын дайындауға 15,0 млн. теңге қаржы бөлінді.

​Қала әкімі кездесулерде көтерілген сауалдар мен өтініштердің барлығы заң аясында кезең-кезеңімен шешімін табатынын және әр сауал жеке бақылауында болатынын жеткізді.

БӨЛІСУ