Күні кеше өткен Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлау науқанында Қызылорда облысының халқы бірліктің, тұтастықтың ерен үлгісін көрсетіп, республика бойынша сайлауға қатысу деңгейі 67,21 пайызбен бірінші орынға тұрақтады. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев актив отырысында хабарлады.
Аймақ басшысы Сыр жұртшылығы қай кезде де Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының жаңа бастамаларына қолдау білдіретінін айтты. Жерлестеріміздің өзгерістерге қадам жасауда айрықша белсенділік танытқанына, саяси маңызды науқандарға белсене қатысқанына шынайы алғысын білдірді.
Актив отырысында Нұрлыбек Машбекұлы 2020 жылдан бастап денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметін атқарып келген Пазылов Сәбит Бексейітұлы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» акционерлік қоғамы Алматы облыстық филиалының директоры қызметіне тағайындалғанын айтты.
«Сәбит Бексейітұлы – білімді, білікті хирург ретінде кәсіби ортада мойындалған, емделушілердің, елдің алғысына бөленген бірегей кадр. Ол облыс тұрғындарын сапалы және қолжетімді медициналық қызметпен қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар маңызды жобаның жүзеге асырылуына дәнекер болды. Өңір медицинасының өзекті мәселелерін республикалық мінберден батыл айтып, республикалық деңгейде қаражат бөлінуіне де өзіндік үлесін қосты. Ол салаға жетекшілік еткен кезде Жалағаш ауданында 100 орындық аурухана, Қызылорда қаласында 200 төсекке арналған жылдам тұрғызылатын модульдік аурухана, Қазалы ауданында ауысымына 250 келушіге арналған емхана іске қосылды. Арал, Жалағаш, Жаңақорған аудандарының елді мекендерінде 4 дәрігерлік амбулатория ел игілігіне пайдалануға берілді», – деді аймақ басшысы.
Сыр өңірінің денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін Сәбит Пазыловқа Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталды.
Денсаулық сақтау саласының ардагері Тұрғанбай Маханов пен облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Әріп Хожбанов әріптесін жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтап, сәттілік тіледі.
Актив отырысында 2-3 наурыз күндері Қызылорда облысында алғаш рет өткізілген «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті барысы» республикалық турнирін ұйымдастыруға белсенді атсалысқан азаматар марапатталды. ҚР ҰҚК Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің бастығы Болат Қалмырзаев байрақты бәсекені жоғары деңгейде өткізгені үшін алғыс білдіріп, комитет Төрағасының Алғыс хаттарын табыс етті.
©Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі