Облыстық мәслихаттың кезекті XXXIV сессиясында көтерілген маңызды мәселелердің бірі – жаңа Конституцияның күшіне енуінің тарихи және саяси маңызы болды. Бұл оқиға тек құқықтық жүйедегі өзгеріс емес, елдің ұзақ мерзімді даму бағытын айқындайтын жаңа кезең ретінде бағаланды. Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев өз сөзінде жаңа Ата Заңның негізгі қағидаттарына тоқталып, оның қоғамдағы орны мен мемлекет дамуына қосатын үлесін жан-жақты атап өтті.

Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, заң үстемдігін қамтамасыз етуді және әділетті қоғам құруды мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде бекітуі. Бұл қағидаттар мемлекеттік институттардың қызметін жетілдіруге, билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға және құқықтық мемлекеттің берік негізін қалыптастыруға бағытталған.

Ата Заңның жаңартылған Преамбуласында қазақ жеріндегі мемлекеттіліктің тарихи сабақтастығына ерекше мән берілуі – ұлттық құндылықтар мен заманауи мемлекеттік басқару қағидаттарының үйлесімін көрсетеді. Ұлы Даланың мыңжылдық тарихына сүйене отырып, елдің болашағын жаңа талаптарға сай қалыптастыру – Конституцияда көрініс тапқан маңызды ұстанымдардың бірі. Бұл тарихи мұраны сақтай отырып, жаңғыру жолымен дамуға негіз қалайды.

Сессия барысында билік тармақтарының тепе-теңдігін күшейту және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мәселелері де ерекше аталды. Мұндай өзгерістер басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, мемлекеттік шешімдердің жауапкершілігін күшейтуге және қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Демократиялық қағидаттарды нығайту арқылы елдің саяси жүйесін одан әрі дамытуға мүмкіндік жасалады.

Облыс әкімі жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін Президенттің 23 тамызға Құрылтай депутаттарының сайлауын тағайындауы жаңа құқықтық жүйенің іс жүзіндегі жалғасы екенін атап өтті. Бұл саяси науқан азаматтардың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, елдің болашақ даму бағытын айқындауда қоғамдық пікірдің маңызын арттыратын маңызды кезең ретінде бағаланды.

Жиын барысында бірқатар азаматқа Мемлекет басшысының жаңа Конституцияның күшіне енуіне орай жолдаған құттықтау хаты мен Конституцияның арнайы басылымының табысталуы да ерекше мәнге ие болды. Бұл – жаңа Ата Заңның қоғам өміріндегі маңызын насихаттап, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған символдық әрі тағылымды қадам.

Жалпы, жаңа Конституцияның күшіне енуі Қазақстанның құқықтық және саяси дамуындағы жаңа белесті білдіреді. Азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту, тарихи сабақтастықты сақтау, мемлекеттік басқаруды жетілдіру және қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған өзгерістер елдің ұзақ мерзімді тұрақты дамуына қызмет ететін маңызды құқықтық негіз қалыптастырады. Сондықтан жаңа Ата Заңды іске асыру – мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың елдік мүдде жолындағы ортақ жауапкершілігі.

БӨЛІСУ