Қала әкімі Нұржан Ахатовтың қала аумағын аралауы тек санитарлық тазалықтың жай-күйін бағалаумен шектелген жоқ. Бұл – қаланың сәулеттік келбетін сақтау, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру және абаттандыру талаптарының орындалуын күшейтуге бағытталған кешенді бақылау жұмысы болды.

Жұмыс сапары барысында тұрғын үйлердің аулалары, қоғамдық орындар, көшелер мен ғимараттардың сыртқы келбеті мұқият зерделенді. Әсіресе, санитарлық тазалықтың сақталуы, жасыл желектердің күтімі, абаттандыру жұмыстарының сапасы және жарнамалық құрылымдардың белгіленген талаптарға сәйкестігіне баса назар аударылды. Қаланың көркі мен тазалығы – тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін маңызды көрсеткіштердің бірі болғандықтан, бұл бағыттағы талаптардың сақталуы қатаң бақылауға алынды.

Аралау барысында анықталған кемшіліктерге қатысты заң аясында нақты шаралар қабылданды. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес абаттандыру қағидаларын бұзу фактілері бойынша әкімшілік хаттамалар рәсімделіп, жауапты тұлғаларға тиісті ықпал ету шаралары қолданылды. Бұл – заң талаптарының барлық азаматтар мен ұйымдар үшін бірдей екенін және қала аумағын күтіп ұстауға әркімнің жауапкершілікпен қарауы қажеттігін көрсетеді.

Қала әкімі жауапты құрылымдардың басшыларына санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарының сапасын тұрақты бақылауда ұстауды, анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жоюды тапсырды. Сонымен қатар, қала аумағының эстетикалық келбетін жақсарту, жасыл аймақтарды күтіп-баптау және қоғамдық кеңістіктерді ретке келтіру жұмыстары жүйелі түрде жалғасатыны атап өтілді.

Қазіргі таңда қалалардың тартымдылығы тек жаңа құрылыс нысандарымен емес, тазалығы, ұқыптылығы және сәулеттік үйлесімімен де бағаланады. Сондықтан абаттандыру талаптарын сақтау – жергілікті биліктің ғана емес, әрбір тұрғын мен кәсіпкердің ортақ міндеті. Қаланы көркейту бағытындағы мұндай бақылау жұмыстары өңірдің заманауи әрі жайлы келбетін қалыптастыруға қызмет етеді.

БӨЛІСУ