Домбыра – ұлт рухын ұлықтаған ұлы мереке.

Қызылорда қаласындағы Президент саябағында Ұлттық домбыра күніне арналған «Домбыра – халық мұрасы» атты ауқымды мәдени-көпшілік шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ұлттық өнердің қадір-қасиетін дәріптеген тағылымды мерекеге айналды. Руханият пен дәстүр сабақтастығын тоғыстырған іс-шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов қатысып, жұртшылықты мерекемен құттықтады.

Ұлттық домбыра күні бүгінде қазақ халқының мәдени болмысын, тарихи жады мен рухани құндылықтарын жаңғыртатын маңызды мерекелердің біріне айналды. Мемлекет басшысы бастамашы болған бұл күн ұлттық өнерді насихаттаумен қатар, жас ұрпақтың бойына елдік рухты, отансүйгіштік пен ұлттық құндылықтарға деген құрметті қалыптастыруға қызмет етіп келеді.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов өз құттықтауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық домбыра күніне қатысты айтқан сөзін келтіріп, қасиетті домбыраның қазақ руханиятындағы орнына ерекше тоқталды. Ол домбыраның ғасырлар бойы Ұлы Дала өркениетінің үнін сақтап, халқымыздың тарихын, дүниетанымын, ерлік дәстүрі мен рухани мұрасын бүгінгі ұрпаққа жеткізіп келе жатқан баға жетпес қазына екенін атап өтті.

Мерекелік бағдарлама саябақтың амфитеатрында өткен салтанатты концертпен басталды. Кеште Тұрмағанбет атындағы халық аспаптар оркестрі, облыстық филармонияның өнерпаздары, республикалық «Сыр толқыны» күйшілер байқауына қатысқан талантты орындаушылар, сондай-ақ өңірдің жетекші шығармашылық ұжымдары мен дәстүрлі өнер шеберлері өнер көрсетті. Күмбірлеген күй мен әуелеген ән ұлттық өнердің тереңдігін танытып, көрермендердің зор ықыласына бөленді.

Шараның мазмұны концерттік бағдарламамен ғана шектелген жоқ. «Ұлттық өнер – ұлы қазына» атты кітап және музей жәдігерлерінің көрмесі ұйымдастырылып, келушілер сирек кездесетін тарихи экспонаттармен, ұлттық мәдени мұраға қатысты құнды басылымдармен танысты. Бұл көрме ұлттық тарих пен мәдениеттің сабақтастығын тереңірек тануға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар креативті индустрия өкілдері мен жергілікті қолөнершілердің қатысуымен өткен көрме-жәрмеңке мерекенің мазмұнын байыта түсті. Әсіресе кәсіби домбыра жасаушы шеберлердің шеберлік сағаттары көпшіліктің қызығушылығын тудырып, ұлттық аспап жасаудың дәстүрлі технологиясы мен қыр-сыры кеңінен таныстырылды. Бұл – ата кәсіптің сабақтастығын сақтауға бағытталған маңызды бастама.

Жастардың белсенді қатысуымен ұйымдастырылған тақырыптық флешмобтар, ұлттық спорт ойындары және еркін форматтағы Dombyra Party музыкалық жобасы мерекеге ерекше серпін берді. Заманауи форматтағы мұндай іс-шаралар дәстүрлі өнердің жастар ортасында да кең қолдау тауып келе жатқанын көрсетеді. Бұл ұлттық мәдениетті жаңаша форматта дәріптеудің тиімді үлгісі екені анық.

Ұлттық домбыра күніне арналған бұл мереке домбыраның тек музыкалық аспап қана емес, қазақ халқының рухани коды, тарихи жады және ұлттық бірегейлігінің символы екенін тағы бір мәрте айқындады. Осындай тағылымды шаралар арқылы ұлттық өнердің өрісі кеңейіп, дәстүр сабақтастығы нығая түседі. Өйткені домбыраның қоңыр үні үзілмеген жерде ұлттың рухы да мәңгі жасай береді.

БӨЛІСУ