Облыстық мәслихаттың кезекті XXXIV сессиясында қаралған мәселелер өңірдің бүгінгі даму қарқынын ғана емес, алдағы жылдарға арналған стратегиялық басымдықтарды да айқындады. Бюджет қаражатының тиімді игерілуі, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар кеңінен сараланып, нақты міндеттер белгіленді.
Сессияда облыс әкімі Мұрат Ергешбаев соңғы жылдары өңір экономикасында қалыптасқан оң динамикаға тоқталды. 2022 жылдан бері 2,4 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылуы – өңірдің инвестициялық тартымдылығы артып келе жатқанын көрсетеді. Бұл қаржы тек өндіріс орындарын ашуға ғана емес, жаңа жұмыс орындарын құруға, әлеуметтік нысандар салуға және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталуда. Алдағы үш жылда іске асырылатын 48 инвестициялық жоба мен 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны экономиканы әртараптандыруға және еңбек нарығын тұрақтандыруға мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары Қызылорда облысында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Биыл пайдалануға берілетін 300 орындық көпбейінді аурухана мен «Қызылорда Арена» көпфункционалды спорт кешені – соның айқын дәлелі. Сонымен қатар екі жаңа емхананың, перинаталдық орталықтың, Президенттік кітапхана мен жаңа драма театрдың құрылысы өңірдің медициналық, мәдени және спорттық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Бұл жобалар тұрғындардың сапалы қызметке қолжетімділігін арттырып қана қоймай, өңірдің тартымдылығын күшейтеді.
Көлік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту да басты назарда. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіндегі Қызылорда–Ақтөбе бағытын төрт жолақты ету мен «Бейнеу – Сексеуіл» автожолының басталуы өңірдің логистикалық мүмкіндігін кеңейтеді. Мұндай жобалар жүк және жолаушылар тасымалының тиімділігін арттырып, кәсіпкерліктің дамуына қосымша серпін береді.
Халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған нақты міндеттердің бірі – инженерлік инфрақұрылымды дамыту. Жыл соңына дейін 10 елді мекенді табиғи газға қосып, өңірді көгілдір отынмен қамту деңгейін 85 пайызға жеткізу көзделген. Бұл тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартып, экологиялық ахуалға да оң ықпал етеді. Сонымен қатар тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында биыл 2400 пәтерді пайдалануға беру жоспары әлеуметтік саясаттың маңызды бағыты ретінде белгіленіп отыр.
Сессия барысында бюджетке өзгерістер енгізу, өңірдің даму жоспарын нақтылау, ветеринария, қоғамдық даму, дене шынықтыру және спорт салаларындағы жұмыстардың нәтижелері де жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ құқықбұзушылықтың алдын алу, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі өңірлік жоспарды жетілдіру мәселелері қаралып, басқару тиімділігін арттыруға бағытталған шешімдер қабылданды.
Жалпы, облыстық мәслихат сессиясында көтерілген мәселелер Қызылорда облысының даму бағытының кешенді әрі жүйелі екенін көрсетті. Инвестиция тарту, өндірісті дамыту, әлеуметтік нысандар салу, көлік және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғындарды баспанамен және сапалы қызметпен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар өңір экономикасының тұрақты өсуіне негіз қалайды. Бұл бастамалардың түпкі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттырып, Қызылорданың бәсекеге қабілетті әрі өмір сүруге қолайлы өңір ретінде дамуын қамтамасыз ету.

