Аудан әкімі Ғалымжан Жарқынбектің әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралауы өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалардың нақты орындалу барысын бақылап, олардың тиімділігін бағалауға бағытталды. Өндіріс, инженерлік инфрақұрылым және коммуналдық қызметтерді дамытуға арналған бұл жобалар аудан экономикасының тұрақты өсуіне, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға негіз қалайды.

Аралау барысында аудан басшысы алдымен агроөнеркәсіп кешеніндегі ең ірі инвестициялық жобалардың бірі – жаңа құс фабрикасының құрылысымен танысты. Құны 5,5 миллиард теңгені құрайтын бұл жоба ауыл шаруашылығын әртараптандыруға, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және импортқа тәуелділікті төмендетуге бағытталған. Жылына 5,5 мың тонна құс етін өндіретін өндіріс іске қосылғанда 120 тұрақты жұмыс орны ашылып, аудан тұрғындарын жұмыспен қамтуға елеулі үлес қоспақ. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 98 пайызға аяқталуы жобаның белгіленген мерзімде пайдалануға берілетініне негіз болып отыр.

Экономиканың тұрақты дамуы өндіріс көлемімен ғана емес, халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасаумен де өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда Еңбек, Сунақата, Қожамберді, Сүттіқұдық және Екпінді ауылдарына жоғары қысымды газ құбырын тарту жобасының маңызы зор. Табиғи газ – тұрғындардың тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, әлеуметтік нысандар мен кәсіпкерліктің дамуына серпін береді. Құрылыс жұмыстарының 95 пайызға орындалуы жобаның аяқталу кезеңіне жақындағанын көрсетеді. Аудан әкімінің мердігер ұйымға жұмыстың сапасы мен мерзіміне қатысты нақты талап қоюы инфрақұрылымдық жобалардың жауапкершілікпен жүзеге асырылуына басымдық берілетінін аңғартады.

Инфрақұрылым саласындағы ең маңызды жобалардың бірі – Жаңақорған кентіндегі «МАИ бекеті» шағын ауданында салынған жаңа су тарату станциясы. Бұл нысанның ерекшелігі – ондаған жыл бойы шешімін таппай келген өзекті мәселені түбегейлі шешуі. Бұған дейін бес мыңға жуық тұрғын орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылмай, шахталық құдықтардың суын пайдалануға мәжбүр болды. Енді заңсыз қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылған жоба нәтижесінде «МАИ бекеті» мен «Алтыкрант» шағын аудандары сапалы әрі тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бұл – халықтың денсаулығын қорғау мен өмір сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік маңызы жоғары шешім.

Жалпы, аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан жобалар өндірісті дамыту, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағыттарының өзара сабақтасып жатқанын көрсетеді. Инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын іске қосу, газ және ауыз су желілерін кеңейту – өңірдің ұзақ мерзімді дамуына қызмет ететін стратегиялық қадамдар.

Әлеуметтік нысандарды аралау қорытындысында аудан әкімі барлық жауапты мекемелер мен мердігер ұйымдарға құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстап, нысандарды белгіленген мерзімде пайдалануға беру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Өйткені кез келген инфрақұрылымдық жобаның басты нәтижесі – пайдалануға уақытылы беріліп, халық игілігіне қызмет етуі. Осындай жүйелі жұмыстар ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға нақты негіз қалайды.

БӨЛІСУ