Домбыра – қазақтың жаны, ұлттың үні, ғасырлар қойнауынан жеткен рухани мұрасы. Қос ішектен төгілген әрбір күйде халқымыздың тарихы, тағдыры, қуанышы мен мұңы, ерлігі мен елдігі жатыр. Сондықтан Ұлттық домбыра күні – тек өнер мерекесі ғана емес, ұлттық болмысымызды ұлықтайтын, мәдени құндылықтарымызды жаңғыртатын тағылымы мол мереке.
Осы айтулы күн қарсаңында Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен қалалық мәдени-демалыс паркінде «Сырлы саз» этно ансамблінің «Сырлы саз» атты мерекелік шығармашылық концерті өтті. Ашық аспан астында ұйымдастырылған рухани кеш ұлттық өнерді қастерлейтін қала тұрғындары мен қонақтарының басын қосып, қазақтың күй өнері мен дәстүрлі әндерінің құдіретін тағы бір мәрте айшықтады.
Мәдени шараның басты мақсаты – қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан музыкалық мұрасын кеңінен насихаттау, домбыра өнерінің қадір-қасиетін дәріптеу, ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіру және дәстүрлі өнердің өміршеңдігін кейінгі буынға жеткізу болды. Бұл мақсат концерттік бағдарламаның әр бөлімінен анық көрініс тауып, көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлады.
Кештің шымылдығы ұлттық нақыштағы әуезді шығармалармен ашылып, сахна төрінде өнер көрсеткен «Сырлы саз» этно ансамблі өз орындаушылық шеберлігімен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Ансамбль ұжымы әр шығарманы жоғары кәсіби деңгейде орындап, ұлттық музыканың табиғи бояуын, терең философиясын және көркемдік ерекшелігін көрерменге шынайы жеткізе білді.
Концерт барысында композитор Руслан Бурабайдың «Мереке», «Дала сазы», «Арнау» шығармалары орындалды. Бұл туындылар ұлттық әуен мен заманауи музыкалық ізденістердің жарасымды үйлесімін көрсетіп, тыңдарманға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әсіресе «Дала сазы» шығармасы сайын даланың кеңдігін, қазақ рухының асқақтығын музыка тілімен бейнелеп, көрерменнің ерекше ықыласына ие болды.
Бағдарламада Әшірхан Телғазиевтің «Қазақ осы» шығармасы да шырқалды. Бұл туынды ұлттық рухты асқақтатып, туған елге деген сүйіспеншілікті, халықтың бірлігі мен тұтастығын дәріптейтін мазмұнымен ерекшеленді.
Сондай-ақ Асқар Бексұлтановтың «Далада» және Жанболат Молдабековтың «Туған жерге сағыныш» шығармалары орындалып, туған өлкенің табиғаты мен қазақ даласының кең тынысын музыкалық әуен арқылы әсерлі жеткізді. Әсіресе туған жерге деген сағыныш пен перзенттік махаббатты бейнелейтін шығармалар тыңдарманның көңілін толқытып, ерекше әсер қалдырды.
Кештің мазмұнын байыта түскен тағы бір ерекшелік – қазақтың дәстүрлі халық әндері мен классикалық күйлерінің орындалуы болды. Қазақтың бай музыкалық қазынасынан орын алған «Желкілдек», «Нақ-Нақ» халық әндері сахна төрінде жаңа тыныспен орындалып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Сонымен қатар күй өнерінің классикалық үлгілері де концерт бағдарламасынан лайықты орын алды. Күйшілік мектептің көрнекті өкілі Қазанғаптың «Ақжелең» күйі орындалып, қазақ күй өнерінің тереңдігі мен орындаушылық дәстүрінің ерекшелігі тағы бір мәрте айқын көрінді. Ал Дәулеткерейдің «Көрұғлы» күйі ұлттық аспаптық музыканың көркемдік қуатын паш етіп, тыңдарманды тарихи кезеңдерге жетелегендей әсер қалдырды.
Заманауи күй өнерінің көрнекті туындылары да концертке ерекше әр берді. Ерлан Құсайыновтың «Мұнар күн» және Қайрат Шілдебаевтың «Сағым дүние» күйлері көрерменнің көңілін тербеп, өмірдің өткіншілігі мен адам жанының нәзік сезімдерін музыка арқылы жеткізе білді.
Концерттің ерекше сәттерінің бірі – белгілі әнші Ақсұңқар Бүркітбайдың өнер көрсетуі болды. Оның орындауындағы әндер ұлттық нақыш пен кәсіби орындаушылық мәдениетінің үйлесімін көрсетіп, көрерменнің зор қошеметіне ие болды.
Сонымен бірге «Мереке» вокалды-аспаптар ансамблі де мерекелік кештің көркін қыздырды. Ұжым ұлттық әуендерді заманауи музыкалық өңдеумен орындап, дәстүрлі өнердің жаңа тынысын таныта білді. Бұл көрермендердің әр буынына бірдей ұнап, концерттің мазмұнын одан әрі байыта түсті.
Кеш бойы көрермендер өнерпаздардың әрбір шығармасын зор ықыласпен қабылдап, ұзақ қол соғып отырды. Қос ішектен төгілген күй мен күмбірлеген әуен көпшіліктің көңілін тербеп, ұлттық өнердің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Әсіресе жастардың концертке белсенді қатысуы домбыра өнеріне деген қызығушылықтың артып келе жатқанын аңғартты.
Домбыра – халқымыздың тарихи жадын сақтаған қасиетті мұра. Сан ғасыр бойы ұлттың шежіресін шерткен бұл киелі аспап бүгінгі күні де өзінің тәрбиелік, рухани және мәдени миссиясын жоғалтқан жоқ. Сондықтан Ұлттық домбыра күні аясында ұйымдастырылатын мұндай мәдени шаралардың маңызы ерекше. Олар ұлттық өнерді дәріптеп қана қоймай, жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырып, төл мәдениетке деген құрметін арттыруға ықпал етеді.
«Сырлы саз» этно ансамблінің шығармашылық концерті де осы мақсатты абыроймен орындады. Кеш барысында көрермендер қазақтың күй өнері мен дәстүрлі әндерінің терең философиясын, эстетикалық құндылығын және рухани қуатын жан-жүрегімен сезінді. Ұлттық мұраға деген құрметтің артуына, өнердің сабақтастығын сақтауға бағытталған тағылымды кеш қатысушыларға ұмытылмас әсер сыйлады.
Ұлттық домбыра күніне арналған бұл мерекелік концерт – қазақтың бай музыкалық мұрасын ұлықтап, күй өнерінің мәңгілік құндылығын дәріптеген мазмұнды мәдени оқиға болды. Домбыраның күмбірімен өрілген бұл кеш ұлттық рухты асқақтатып, төл өнердің қадірін арттырған тағылымды шара ретінде көпшіліктің жадында ұзақ сақталары сөзсіз.

