Қазіргі таңда әлем елдері климаттың өзгеруі, табиғи ресурстардың сарқылуы және энергия тұтынудың артуы жағдайында экономиканы жаңа талаптарға бейімдеуге басымдық беруде. Бұл ретте энергия тиімділігін арттыру мен «жасыл экономика» қағидаттарын енгізу тұрақты дамудың негізгі тетіктерінің біріне айналды. Осы бағыттағы жұмыстар Қазақстанда да жүйелі жалғасып келеді. Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен ҚР Президенті жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңесте қаралған мәселелердің өзектілігі де осыдан туындайды.
Кеңесте қалдықтарды басқару, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру және өнеркәсіп пен құрылыс салаларындағы энергия тиімділігін арттыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Бұл бағыттар қоршаған ортаны қорғаумен қатар, экономиканың тиімділігін арттыруға, ресурстарды ұтымды пайдалануға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға тікелей ықпал етеді.
Қызылорда облысында да «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы аясында нақты нәтижелер беріп отырған жобалар жүзеге асырылуда. Электр желілері мен қосалқы станцияларды жаңғырту, энергия үнемдейтін технологияларды енгізу – электр энергиясын жеткізу кезіндегі шығындарды азайтып, желілердің сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жылу желілерін арнайы оқшаулағыш материалдармен жаңарту да энергия ресурстарын үнемдеудің тиімді жолдарының бірі. Мұндай жұмыстар коммуналдық инфрақұрылымның сапасын көтеріп қана қоймай, тұрғындар мен кәсіпорындар үшін энергия шығындарын төмендетуге ықпал етеді.
Өңірде жаңартылатын энергия көздерін дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Бүгінде жұмыс істеп тұрған күн электр станцияларының қуаты облыстың энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, дәстүрлі энергия көздеріне тәуелділікті біртіндеп азайтуға мүмкіндік беруде. Алдағы уақытта жел және жаңа күн электр станцияларының іске қосылуы өңірдегі «жасыл» энергия үлесін арттырып, көмірқышқыл газы шығарындыларын азайтуға оң әсер етеді.
Экологиялық саясаттың маңызды бағыттарының бірі – қалдықтарды тиімді басқару. Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу көлемінің артуы табиғи ресурстарды үнемдеуге, полигондарға түсетін жүктемені азайтуға және қайталама шикізатты экономика айналымына қайта енгізуге мүмкіндік береді. Осы мақсатта жүзеге асырылып жатқан сұрыптау және қайта өңдеу жобалары өңірдің экологиялық қауіпсіздігін күшейтумен қатар, жаңа өндірістердің қалыптасуына жол ашуда.
Халықаралық компаниялардың қатысуымен қолға алынған инвестициялық жобалар да ерекше маңызға ие. Оңтүстік Корея технологиясымен салынатын қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу зауыты мен Германия технологиясына негізделген шыны ыдыс шығаратын кәсіпорын өңірге заманауи өндіріс мәдениетін енгізіп, жаңа жұмыс орындарын құруға, импортты алмастыруға және өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Энергия тиімділігі мен «жасыл экономика» қағидаттарын дамыту – экологиялық талаптарды орындаумен ғана шектелмейді. Бұл – экономиканың бәсекеге қабілеттілігін күшейтетін, инвестиция тартатын, инновацияларды енгізетін және халықтың өмір сүру сапасын жақсартатын стратегиялық бағыт. Қызылорда облысында жүзеге асырылып жатқан жобалар осы мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған жүйелі жұмыстың нақты көрінісі болып табылады.

