Жаңа Конституция – жаңа жауапкершілік.
Сыр өңірінде саяси реформалардың жаңа кезеңі нақты істермен жалғасады.
Еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде жаңа кезең басталды. Күшіне енген жаңа Конституция мемлекеттік басқару жүйесіне тың серпін беріп, билік институттарының жауапкершілігін арттырумен қатар, халық мүддесіне негізделген жаңа басқару мәдениетін қалыптастыруға жол ашты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында саяси және экономикалық реформалардың келесі кезеңіне арналған ауқымды міндеттерді айқындап, мемлекеттік аппараттың басты мақсаты халықтың әл-ауқатын арттыру, экономиканы әртараптандыру және заң үстемдігін қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Осыған орай Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру барысы қаралды. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысып, Үкімет мәжілісінен кейін өңірдің жауапты сала басшыларымен кеңейтілген жиын өткізді.
Жиында жаңа саяси кезеңнің талаптары, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттары, инвестициялық жобалар, құрылыс, білім, кәсіпкерлік, энергетика және алдағы жылу беру маусымына дайындық мәселелері жан-жақты сараланды.
Өңір басшысы өз сөзінде жаңа Конституция мемлекеттік басқарудың бүкіл жүйесіне жаңа талаптар қоятынын атап өтті.
– Жаңа Конституцияда айқындалған қағидаттар мемлекеттік биліктің барлық тармағының қызметіне тың серпін береді. Мемлекеттік басқарудың басты өлшемі – халыққа адал қызмет ету және заң талаптарын мүлтіксіз сақтау. Жаңа саяси кезең бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Біздің міндетіміз – жаңа Конституцияның қағидаттарын халықтың күнделікті өмірінде нақты нәтиже беретін тиімді мемлекеттік саясатқа айналдыру. Сыр өңірінде де жаңа саяси реформалардың талаптарына сәйкес кешенді жұмыстар жүргізілуі қажет, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Бұл міндеттер әрбір мемлекеттік орган жұмысының тиімділігі нақты нәтижемен өлшенетінін көрсетеді. Сондықтан кеңесте барлық саланың бүгінгі ахуалы сараланып, алдағы жұмыстардың басым бағыттары белгіленді.
Құрылыс қарқыны бәсеңдемейді
Кеңесте облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төрәлиев құрылыс саласының даму көрсеткіштеріне тоқталды.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдыру жөніндегі тапсырмасы өңірде жаңа әлеуметтік нысандардың, тұрғын үйлердің және өндіріс орындарының салынуына тың серпін беруде.
Соңғы төрт жылда құрылыс саласына бөлінетін қаржы бірнеше есе артқан. Егер 2022 жылы бұл мақсатқа 24,3 миллиард теңге қаралса, биыл қаржыландыру көлемі 138,3 миллиард теңгеге жетіп, алты есеге жуық өсті.
Осының нәтижесінде өңірде 272 әлеуметтік нысан мен 1016 тұрғын үй пайдалануға берілді. Биылдың өзінде жыл соңына дейін тағы 3685 пәтер тапсырылып, 15 мыңға жуық тұрғынның баспана мәселесі шешіледі.
Бұл көрсеткіштер өңірдегі құрылыс индустриясының қарқынды дамып келе жатқанын ғана емес, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесін көрсетеді.
Білім сапасы – басты басымдық
Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов білім беру саласындағы негізгі міндеттерге тоқталды.
Оның айтуынша, мектепке дейінгі тәрбиеден бастап техникалық және кәсіптік білімге дейінгі барлық деңгейде сапаны арттыру жұмыстары жалғасады. Негізгі мақсат – халықаралық стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыру, ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасының айырмашылығын азайту және оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту.
Білім саласындағы жетістіктер де аз емес. Биыл облыстың 29 оқушысы халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы атанса, 143 оқушы республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларында жүлделі орындарға ие болды. Ал қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша республикалық олимпиадада Қызылорда облысының құрамасы «Ең үздік олимпиадалық команда» атанды.
Бұл – өңір мұғалімдерінің кәсіби еңбегі мен білім сапасын арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Алдағы кезеңде цифрлық трансформацияны жеделдету, колледждерді еңбек нарығы сұранысына бейімдеу және тәрбие жұмысын жаңа мазмұнда ұйымдастыру басты міндеттердің бірі болмақ.
Инвестиция – экономиканың қозғаушы күші
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Мөлдір Тәуіпбаева өңірдің инвестициялық әлеуетіне тоқталды.
Соңғы төрт жылда Қызылорда облысының экономикасына 2,4 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылды. Осы уақыт аралығында жалпы құны 400 миллиард теңгеден асатын 72 индустриялық жоба жүзеге асырылды.
Нәтижесінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі 38 пайызға дейін өсіп, облыстың шикізатқа тәуелділігі 2022 жылмен салыстырғанда 12,4 пайызға төмендеді.
Алдағы үш жыл ішінде жалпы құны 1,9 триллион теңгені құрайтын 48 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда 14 ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Оның төртеуінің құрылысы жүріп жатса, екеуінің капсуласы салынған. Жыл соңына дейін тағы сегіз жобаның құрылысы басталады.
Қысқа дайындық – басты назарда
Кеңесте алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесі де кеңінен қаралды.
Облыс әкімі бұл бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысы мен Үкіметтің тұрақты бақылауында екенін атап өтіп, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берді.
«Қызылорда электр тарату тораптары» компаниясына электр желілерінің техникалық жағдайын толық зерделеу, материалдық-техникалық қорды күшейту және апатты жағдайлардың алдын алу тапсырылды.
Барлық жылу көздерінің резервтік электр станциялары үздіксіз жұмыс істеуі тиіс. Сонымен қатар облысқа қажетті көмір қорын уақытылы жасақтау мәселесі ерекше бақылауға алынды.
Биыл жылу беру маусымына дайындыққа 5,5 миллиард теңге қаржы бөлінеді. Оның ішінде 3,6 миллиард теңге республикалық бюджеттен, 1,5 миллиард теңге облыстық бюджеттен, ал 350 миллион теңге кәсіпорынның өз қаражаты есебінен қарастырылған.
Бұл қаражатқа 8,7 шақырым жылу желісі жаңғыртылып, газтурбиналық қондырғылар күрделі жөндеуден өтеді. Сонымен бірге бір қазандық, бір турбина, он автономды қазандық және негізгі инженерлік жабдықтар жөнделеді.
Өңірдегі электр желілерінің тозу деңгейі бүгінде 60,8 пайызды құрайды. Биыл оларды жаңғыртуға 10,5 миллиард теңге бөлініп отыр. Соның нәтижесінде желілердің тозу деңгейін 59 пайызға дейін төмендету көзделген.
Жаңа жылу беру маусымында маңызды жобалардың бірі – түркиялық «Акса Энерджи» компаниясы салған жаңа жылу электр орталығы толық қуатында жұмыс істейтін болады. Қазір станса электр энергиясын өндіруді бастап кетті. Алдағы қыс мезгілінде тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етуге толық мүмкіндік береді.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі жаңа Конституция талаптарын іске асыру мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттырып қана қоймай, әрбір салада нақты нәтижеге қол жеткізуді міндеттейтінін атап өтті. Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді сапалы орындау, инвестиция тарту, экономиканы әртараптандыру, халықтың тұрмыс сапасын арттыру және өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету – алдағы кезеңдегі басты мақсат болып қала береді. Сыр өңірінде осы бағыттағы жұмыстар жаңа саяси кезеңнің талаптарына сай жүйелі түрде жалғасын табады.

