Қызанақ пастасы зауыты – өңірдің агроөнеркәсібіне тың серпін.

Инвестициялық жоба ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге жаңа мүмкіндік ашады

Қызылорда облысында экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Соңғы жылдары өңірде тек шикізат өндіруге емес, оны қайта өңдеп, қосылған құны жоғары өнім шығаруға басымдық берілуде. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған экономиканы әртараптандыру және өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі стратегиялық міндеттердің өңірде нақты жүзеге асып жатқанын көрсетеді.

Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – Жаңақорған ауданында қызанақ пастасын өндіретін зауытты іске қосу бастамасы. Бұл мәселе облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың «Alpecon Group» компаниясының өкілдері Самат Балабеков, Ержан Ибраимов және Нармұхан Сарыбаевпен кездесуінде жан-жақты талқыланды.

Кездесу барысында инвестициялық жобаны жүзеге асырудың негізгі тетіктері, өндірісті жаңғырту, шикізат базасын қалыптастыру, инфрақұрылым мәселелері және мемлекеттік қолдау шаралары сөз болды.

Аймақ басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу өңір экономикасының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

– Бүгінде өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге басымдық беріліп отыр. Осы ретте қызанақ пастасы зауыты жобасын Жаңақорған ауданында жүзеге асыру ниетіңізді қолдаймыз. Бұл өнімге қосылған құн қалыптастырып қана қоймай, көкөніс шаруашылығының дамуына, егіс алқаптарының ұлғаюына мүмкіндік береді. Қажетті жер учаскесін ұсынуға, барлық кезеңде әкімшілік және инфрақұрылымдық сүйемелдеуге дайынбыз. Өңіріміз үшін стратегиялық маңызы бар инвестициялық бастамаға жан-жақты қолдау көрсетіледі, – деді Мұрат Ергешбаев.

Бұл мәлімдеме өңірде инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға және ірі өндірістік жобаларды жүзеге асыруға ерекше мән беріліп отырғанын аңғартады.

Қазіргі таңда «Alpecon Group» компаниясы Жаңақорған ауданының Бесарық ауылындағы өндірістік нысанды сатып алып, оны қызанақ пастасын шығаратын заманауи зауытқа айналдыруға қызығушылық танытып отыр.

Жоба аясында жалпы көлемі 2,3 миллиард теңге инвестиция салу жоспарланған. Бұл қаражатқа өндірістегі технологиялық жабдықтар толық жаңғыртылып, өндірістік және қосалқы ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізіледі. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жұмыстарын тиімді ұйымдастыру үшін қажетті арнайы техникалар сатып алынады.

Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін кәсіпорынның өндірістік қуаты айтарлықтай артады. Зауыт тәулігіне 600 тоннаға дейін қызанақ өңдеп, дайын өнім шығаруға мүмкіндік алады.

Мұндай өндірістік қуат өңірдегі көкөніс шаруашылығын дамытуға жаңа серпін береді. Себебі қызанақ пастасын өндіру үшін тұрақты әрі мол көлемде шикізат қажет болады. Осыған байланысты инвесторлар 2300 гектар суармалы егіс алқабын игеруді жоспарлап отыр. Сонымен бірге өндірісті үздіксіз шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында көршілес Түркістан облысының шаруашылықтарымен де әріптестік орнату көзделген.

Жобаның экономикалық тиімділігі бірнеше бағыттан көрінеді. Ең алдымен, бұл – ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу арқылы қосылған құны жоғары өнім өндіруге мүмкіндік береді. Бұған дейін негізінен жаңа күйінде сатылып келген қызанақ енді өңделіп, дайын өнім ретінде ішкі және сыртқы нарыққа шығарылатын болады.

Екіншіден, жоба көкөніс өсірумен айналысатын шаруашылықтардың санын көбейтіп, егіс алқаптарын кеңейтуге ықпал етеді. Нәтижесінде ауыл тұрғындары үшін тұрақты табыс көзі қалыптасып, жаңа жұмыс орындары ашылады.

Үшіншіден, өндірістің іске қосылуы өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттырып, өңір экономикасының әртараптануына оң әсер етеді. Бұл өз кезегінде инвестициялық белсенділікті күшейтіп, агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Соңғы жылдары Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Күрішпен қатар көкөніс, бақша және мал шаруашылығын дамытуға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Ал жаңа өндірістердің ашылуы сол өнімдерді өңдеуге мүмкіндік беріп, өңір экономикасының тұрақтылығын күшейте түседі.

Қызанақ пастасы зауытының жобасы – осындай маңызды бастамалардың бірі. Ол ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп арасындағы байланысты нығайтып, шикізат өндіруден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбекті қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Кездесу қорытындысында тараптар жобаны іске асырудың кезеңдерін нақтылап, өзара ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты. Облыс әкімдігі инвесторларға қажетті әкімшілік және инфрақұрылымдық қолдау көрсететінін мәлімдеді.

Егер жоба толық жүзеге асса, Жаңақорған ауданында заманауи агроөнеркәсіптік өндіріс қалыптасып, өңірдің экспорттық әлеуеті артып, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытындағы жаңа кезеңнің басталуына негіз қалайды. Бұл тек бір кәсіпорынның ашылуы ғана емес, тұтас өңірдің аграрлық экономикасын жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық инвестициялық жоба болмақ.

БӨЛІСУ