Білімді ұрпақ – елдің ең қымбат капиталы. Қорқыт ата университетінің магистратура түлектеріне диплом табысталды.
Еліміздің орнықты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын басты фактордың бірі – сапалы білім мен білікті кадр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық стратегиялық құжаттарында адами капиталды дамытуға, ғылым мен жоғары білімнің сапасын арттыруға ерекше мән беріп келеді. Өйткені жаңа дәуірде елдің қуаты табиғи байлықпен ғана емес, білімді, кәсіби әрі жаңашыл азаматтардың әлеуетімен өлшенеді.
Осы тұрғыдан алғанда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде өткен магистратура түлектеріне диплом табыстау рәсімі – білім жолындағы маңызды белес қана емес, өңірдің ғылыми және интеллектуалдық әлеуетінің артып келе жатқанының айқын көрінісі болды.
Салтанатты шараға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев пен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы – ректор Наурызбай Байқадамов қатысып, магистратура бағдарламасын табысты аяқтаған жас мамандарды жаңа өмір кезеңімен құттықтады.
Биыл өңірдегі жоғары білім мен ғылымның қарашаңырағы саналатын университетті 2600-ден астам түлек тәмамдады. Оның ішінде 630 студент бакалавриат, ал 79 жас магистратура бағдарламасын аяқтап, кәсіби білімін жаңа деңгейге көтерді.
Диплом табыстау рәсімінде сөз сөйлеген облыс әкімі жастардың ел болашағын қалыптастырудағы жауапкершілігіне ерекше тоқталды.
– Еліміздің ертеңі мен тірегі – сіздер секілді жалынды жастарға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Әділетті Қазақстанды құрудың басты қозғаушы күші де, оның жаңа белестерін бағындыратын жасампаз қуаты да – өздеріңіз.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Біздің басты стратегиялық мақсатымыз – жоғары конституциялық қағидаттарды іске асыра алатын білімді, дені сау, зияткер әрі озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу» деген болатын. Сіздер жастық жігерді Тәуелсіздігіміздің тұғырын одан әрі биіктете түсуге жұмсайтындарыңызға сенемін.
Бүгінде облысымызда жаңа өндіріс орындары ашылуда, цифрландыру үдерісі жедел енгізіліп, әлеуметтік сала жаңғыртылып жатыр. Жаһандану дәуірінде креативті, жаңашыл әрі тың көзқарасы бар мамандар аса қажет.
Баласының бағын тілеген ата-ананың қуанышында шек жоқ екенін көріп тұрмын. Сіздерге көп рақмет! Ал шәкіртін шыңға шығарған профессор-оқытушыларға аймақ халқының атынан ерекше алғысымды білдіремін. Сіздер облысымыздың басты байлығы – адами капиталды қалыптастырып келесіздер. Бойларыңыздағы білім мен өнегені Отанымыз – Қазақстанның, туған жеріміз – Сыр өңірінің игілігіне жұмсай беріңіздер, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Бұл сөздер бүгінгі жас мамандарға көрсетілген сенім ғана емес, олардың алдағы еңбек жолындағы басты бағдары іспетті.
Қазіргі таңда Қызылорда облысында өндіріс орындары көбейіп, жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Цифрлық технологиялар енгізіліп, әлеуметтік инфрақұрылым жаңарып келеді. Осындай өзгерістер кәсіби білімі терең, зерттеушілік қабілеті жоғары және жаңашыл ойлайтын мамандарға деген сұранысты арттырып отыр. Магистр дәрежесін алған түлектердің бұл үдеріске қосар үлесі зор.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті – өңірдің ғана емес, еліміздің жоғары білім жүйесіндегі беделді оқу орындарының бірі. Тоқсан жылға жуық тарихы бар білім ордасы сан мыңдаған маман даярлап, ғылым мен білімнің дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді.
Соңғы жылдары университет халықаралық стандарттарға сай білім беру жүйесін жетілдіруге, ғылыми зерттеулердің сапасын арттыруға және инновациялық жобаларды дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі тәуелсіз рейтингтерде де көрініс табуда.
Биылғы «Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары сұранысының тәуелсіз рейтингі – 2026» қорытындысы бойынша Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті еліміздің көпсалалы жоғары оқу орындары арасында 7-орынға тұрақтады. Сонымен қатар университеттің 31 білім беру бағдарламасы республикадағы үздік үштік қатарынан орын алды. Бұл – оқу орнының білім сапасы, профессор-оқытушылар құрамының әлеуеті және ғылыми ізденістерінің жоғары деңгейде екенін дәлелдейді.
Бүгінде университет тек маман даярлайтын оқу орны ғана емес, өңірдің ғылыми-инновациялық орталығына айналып келеді. Мұнда ғылым мен өндірістің байланысын күшейтуге, жас ғалымдардың әлеуетін арттыруға және халықаралық әріптестікті дамытуға басымдық берілуде.
Диплом табыстау рәсімі жастардың өміріндегі маңызды белеске айналды. Магистр атанған түлектер үшін бұл – ұзақ жылғы еңбектің жемісі әрі жаңа жауапкершіліктің бастауы. Ал ата-аналар үшін перзенттерінің жетістігін көрген ерекше қуанышты күн болса, ұстаздар үшін шәкірт еңбегінің жемісі.
Қазіргі таңда Қазақстан жаңа даму кезеңіне қадам басты. Елдің тұрақты дамуы, ғылымның өркендеуі, инновациялық экономиканың қалыптасуы білімді жастардың белсенділігімен тығыз байланысты. Сондықтан университет қабырғасынан түлеп ұшқан әрбір жас маманның кәсіби білімі мен азаматтық ұстанымы ел дамуына қызмет етуі тиіс.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің түлектері де осы жауапкершілікті терең сезініп, алған білімдерін туған елдің игілігіне жұмсайтынына сенім мол. Өйткені білімді ұрпақ – мемлекеттің ең басты байлығы, ал ғылым мен білімге салынған инвестиция – елдің болашағына салынған инвестиция.

