Жастар – жаңа кезеңнің қозғаушы күші. Сыр өңірінде жастар саясаты жаңа мазмұнмен жалғасуда.
Елімізде жаңа Конституцияның күшіне енуімен қоғамдық-саяси реформалардың жаңа кезеңі басталды. Бұл өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып қана қоймай, қоғамның барлық саласына тың серпін беруді көздейді. Әсіресе жастар саясатына қойылатын талап та күшейді. Өйткені Әділетті Қазақстанды қалыптастыру жолында білімді, бастамашыл, отаншыл әрі жауапкершілігі жоғары жастардың орны ерекше.
Осы мақсатта облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясында өңір жастарымен еркін форматтағы кездесу өткізіп, жастар саясатының басым бағыттары, білім беру сапасы, кәсіпкерлікті дамыту, қоғамдық бастамаларды қолдау және жастардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосатын үлесі жөнінде ашық пікір алмасты.
Кездесудің басты ерекшелігі – жастардың өз ойларын еркін айтып, өңір басшысына ұсыныстарын тікелей жеткізуі болды. Бұл мемлекеттік органдар мен жастар арасындағы ашық диалогтың жаңа мәдениеті қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Жиында сөз алған облыс әкімі елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың маңызына тоқталып, жаңа Конституцияның қабылдануы мемлекет дамуының жаңа кезеңін айқындаған тарихи шешім екенін атап өтті.
– Бұл – әділетті қоғам құруға және болашаққа деген сенімді нығайтуға бағытталған тарихи шешім. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, Әділетті Қазақстанды құруда білімді, отаншыл жастардың рөлі айрықша. Сондықтан жастардың сапалы білім алып, еңбек етуіне, кәсіп бастауына және жан-жақты дамуына мемлекет жүйелі қолдау көрсетіп отыр. Биыл жастар саясатын іске асыруға жергілікті бюджеттен 2 миллиард теңге бөлінді. Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» бастамаларын жүзеге асыруда жастардың белсенділігі мен қоғамдық жауапкершілігі ерекше маңызды, – деді Мұрат Ергешбаев.
Бұл – жастар саясаты тек әлеуметтік қолдау шараларымен шектелмейтінін, олардың елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласуына, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталғанын аңғартады.
Кездесу барысында жастар да өңірдің дамуына қатысты өз ұсыныстарын ортаға салды. Еркін пікір алмасуда «Сыр жастары» бағдарламасының қатысушысы, жас журналист Арайлым Шакизадаева, «Global Motors» Қызылорда автосалонының директоры Олжас Балтақожа, «Kyzylorda Hub» бизнес-инкубаторының директоры Жанарыс Түбекбаев, блогер Нұржан Сейтмұрат, облыстық «GAMMA MMA» федерациясының төрағасы Бейбітжан Қобланов және «Анаға тағзым» орталығының әдіскері Ақбота Шамшиева сөз сөйлеп, жастарды толғандыратын мәселелер мен жаңа бастамалар жөнінде пікірлерін білдірді.
Аймақ басшысы көтерілген барлық ұсыныс назарға алынатынын айтып, жастардың қоғамдық бастамаларын қолдау алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді. Сонымен бірге жастарды өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жобаларға белсенді атсалысуға шақырды.
Бүгінде Қызылорда облысы – жастар үлесі жоғары өңірлердің бірі. Статистикалық мәліметке сәйкес, өткен жылы облыста 14 пен 35 жас аралығындағы 248 мыңнан астам жас тіркелген. Бұл – облыс халқының 29,4 пайызын құрайды. Сондықтан жастар саясаты өңірдегі әлеуметтік дамудың негізгі бағыттарының бірі саналады.
Облыста «Мемлекеттік жастар саясатының 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Ақпараттық-талдау орталығы жыл сайын жастар арасындағы әлеуметтік ахуалды зерттеп, мемлекеттік органдарға нақты ұсыныстар енгізеді. Бұл зерттеулер жастардың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру, жұмыспен қамту, кәсіби бағдар беру және бос уақытын тиімді ұйымдастыру сияқты маңызды мәселелерді шешуге негіз болып келеді.
Жастарды жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар да жүйелі жүргізілуде. Қазіргі таңда облыста құрылған еңбек жасақтарының саны 30-дан асты, олардың құрамында 800-ден астам жас еңбек етуде. Бұл қатарға әлеуметтік аз қамтылған және NEET санатындағы жастардың тартылуы олардың қоғамға бейімделуіне, тұрақты жұмыс тәжірибесін қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар жастардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға арналған инфрақұрылым да жылдан-жылға кеңейіп келеді. Облыстық жастар ресурстық орталығы жанындағы үйірмелер мен клубтар, «Оқушылар сарайы», «Теннис орталығы», «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы, «Анаға тағзым» және «Отбасы» орталықтары, аудандық «Руханият» орталықтары жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға қызмет етуде.
Кездесуде тұрғын үй мәселесіне де ерекше назар аударылды. Жастар үшін баспаналы болу – әлеуметтік тұрақтылықтың басты факторларының бірі. Осы мақсатта өңірде қолға алынған «Сыр жастары» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы бүгінде өз тиімділігін көрсетіп отыр.
Бағдарлама аясында Қызылорда облысында тұрақты тіркеуі бар, жасы 35-тен аспаған жастар тұрғын үйді жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен, бастапқы 10 пайыз жарнамен сатып ала алады. Бағдарламаға білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы, төтенше жағдайлар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларының қызметкерлері, жоғары оқу орындарының мамандары, журналистер, кәсіпкерлер және басқа да жас мамандар қатыса алады.
Бағдарламаның нақты нәтижелері де көңіл қуантады. 2024 жылы 798 жас құжат тапсырып, олардың 471-і жолдама алды. Соның нәтижесінде 100 жас отбасы үш бөлмелі жаңа пәтерге ие болды. Ал өткен жылы 691 өтінімнің 453-і мақұлданып, 300 жасқа «Отбасы банк» арқылы жолдама берілді. Төлем қабілетін растаған жастар облыс орталығының сол жағалауындағы жаңа тұрғын үйлерден баспана алды.
Жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру бағытындағы жұмыстар да жаңа деңгейге көтерілуде. Мемлекет басшысының бастамасымен 2026 жылды Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы «Орнықты даму жолындағы халықаралық еріктілер жылы» деп жариялады. Осыған байланысты Қызылорда облысында республикалық және халықаралық деңгейдегі бірнеше ірі шара өткізу жоспарланған.
Тамыз айында республикалық волонтерлер слеті ұйымдастырылып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген еріктілер тәжірибе алмасады. Сонымен қатар «Менің мамандығым – менің жетістігім» атты республикалық жас мамандар форумы өткізіліп, жастардың кәсіби дамуына серпін беретін жаңа бастамалар талқыланады.
Ал қазан айында халықаралық «Green Aral: Volunteers for Life» еріктілер апталығы аясында Арал өңірінің экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған жобалар жүзеге асырылады. Бұл бастамалар жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, өңірдің табиғи әлеуетін сақтауға бағытталған маңызды жұмыстардың біріне айналмақ.
Еркін форматтағы кездесу тағы бір маңызды мәселеге назар аудартты. Бүгінгі жастар – тек ертеңгі маман немесе басшы ғана емес, қазіргі қоғамдағы өзгерістердің белсенді қатысушысы. Сондықтан жастардың ұсынысын тыңдау, олардың идеяларын қолдау және нақты жобаларға тарту – мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі.
Қызылорда облысында жүзеге асырылып жатқан жастарға арналған бағдарламалар мен жобалар осы бағыттағы жұмыстың жүйелі жалғасып жатқанын көрсетеді. Білім, еңбек, кәсіпкерлік, баспана, еріктілік және қоғамдық белсенділік сияқты негізгі бағыттарды қамтитын кешенді саясат жастардың әлеуетін толық ашуға мүмкіндік беруде. Ал жастардың бастамасы мен мемлекет қолдауы үйлесім тапқан жағдайда өңірдің де, елдің де болашағы баянды болмақ.

