Шағын өнеркәсіп – өңір экономикасының жаңа тірегі.

Облыс әкімі өндірістік нысандардың жұмысымен танысып, саланы дамытуға қатысты нақты міндеттер жүктеді

Экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу – бүгінде өңірлердің тұрақты дамуының басты бағыттарының бірі. Әсіресе шағын өнеркәсіп өндірістерін дамыту арқылы жергілікті нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, импортқа тәуелділікті азайтуға, кәсіпкерлікті қолдауға және халықтың табысын арттыруға мүмкіндік туады. Осыған сәйкес Қызылорда облысында өндіріс секторын кеңейтуге, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауға және инвестиция тартуға басымдық берілуде.

Осы бағыттағы жұмыстардың барысымен танысу мақсатында облыс әкімі Мұрат Ергешбаев облыс орталығының сол жағалауында орналасқан бірқатар шағын өнеркәсіп нысандарын аралап, өндіріс орындарының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Жұмыс сапары барысында кәсіпорындардың өндірістік қуаты, өнім сапасы, жұмысшыларға жасалған жағдай, өндірісті ұлғайту мүмкіндіктері және алдағы даму жоспарлары талқыланды.

Алғашқы нысан – өткен жылы пайдалануға берілген «Тұмар» шағын өнеркәсіптік аймағы болды. Бұл өндірістік алаң бүгінгі таңда өңірдегі шағын және орта бизнесті қолдаудың тиімді тетіктерінің біріне айналып отыр.

Қазіргі уақытта мұнда жеті өндірістік цех тұрақты жұмыс істейді. Кәсіпорындар ет және сүт өнімдерін өңдеп, кондитерлік өнімдер мен жартылай фабрикаттар шығарады. Барлық өндіріс санитарлық талаптарға сай ұйымдастырылған. Өнімдер ең алдымен жергілікті тұрғындардың сұранысын қамтамасыз етуге бағытталған.

Өңірде өндірілетін азық-түлік көлемінің артуы – бағаны тұрақтандырудың, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және импорттық өнімдер үлесін азайтудың маңызды факторы. Осы тұрғыдан алғанда «Тұмар» өнеркәсіптік аймағының қызметі өңір экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие.

Өндіріс орындарын аралау барысында облыс әкімі кәсіпкерлермен пікірлесіп, мемлекеттік қолдау шараларының тиімді пайдаланылуы, өндіріс көлемін ұлғайту, өнім сапасын арттыру және жаңа технологияларды енгізу мәселелеріне ерекше назар аударды.

Жұмыс сапарының келесі бағыты – «Syr Darya» коммуналдық базары болды. Бұл нысан облыс орталығындағы сауда инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында іске қосылған.

Бүгінде базарда жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге өз өнімдерін делдалсыз өткізуге мүмкіндік жасалған. Мұнда азық-түлік өнімдерімен қатар киім-кешек, тұрмыстық техника және халық тұтынатын басқа да тауарлар сатылатын сауда орындары жұмыс істейді.

Коммуналдық базардың басты ерекшелігі – отандық өндірушілерге басымдық берілуі. Бұл өз кезегінде жергілікті кәсіпкерлердің өнімін өткізу нарығын кеңейтіп, халыққа сапалы әрі қолжетімді бағадағы тауар ұсынуға ықпал етеді.

Қазіргі таңда базар аумағында көтерме сауда орындарын орналастыру үшін ғимаратты қайта жаңғырту және бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба толық іске асқанда өңірдегі көтерме сауда жүйесі де жаңа деңгейге көтеріліп, кәсіпкерлер үшін қосымша мүмкіндіктер ашылады.

Облыс әкімі барған келесі өндірістік нысан – өткен жылы іске қосылған «Техоснастка-Ремсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шағын өнеркәсіп аймағы болды.

Бұл кәсіпорында құрылыс және коммуналдық шаруашылық саласына қажетті өнімдер шығарылады. Атап айтқанда, мұнда тәулігіне 15 сантехникалық бұйым өндіріледі. Сонымен бірге темір тор шығаратын өндірістік цех жұмыс істейді. Мұндай өнімдердің өңірде өндірілуі құрылыс материалдарына деген сұранысты жергілікті деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Кәсіпорын өндірісінің жолға қойылуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына ғана емес, облыста өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыруға да оң әсерін тигізуде.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі өндіріс орындарының басшыларымен кездесіп, кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Сондай-ақ өндірісті жаңғырту, өнім ассортиментін кеңейту, инвестиция тарту, жаңа технологияларды енгізу және бәсекеге қабілетті өнім өндіру мәселелері жан-жақты талқыланды.

Аймақ басшысы жауапты сала жетекшілеріне шағын өнеркәсіпті одан әрі дамыту, кәсіпкерлерге қажетті қолдау көрсету, өндіріс көлемін ұлғайту және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар өндірістік алаңдардың инфрақұрылымын жетілдіру, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау және жергілікті өнімнің үлесін арттыру бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Бүгінде шағын өнеркәсіп – өңір экономикасының тұрақты дамуына серпін беретін маңызды салалардың біріне айналып отыр. Жергілікті шикізатты тиімді пайдалану, жаңа өндірістерді іске қосу, импортты алмастыратын өнім шығару және халықты тұрақты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Облыс әкімінің өндірістік нысандарды аралауы өңірдегі шағын өнеркәсіпті дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын көрсетті. Бұл – тек жаңа кәсіпорындар ашу ғана емес, экономиканың нақты секторын нығайтып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың маңызды бөлігі. Шағын өндірістердің әлеуетін тиімді пайдалану арқылы Қызылорда облысында өңдеу өнеркәсібінің үлесі артып, өңір экономикасының бәсекеге қабілеттілігі одан әрі нығая түспек.

БӨЛІСУ