Берекесі тасыған Бесарық: даму мен жаңғырудың жарқын көрінісі.
Бүгінде ауылды дамыту – мемлекеттің стратегиялық басым бағыттарының бірі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердің әлеуетін арттыру, ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсарту және кәсіпкерлікті қолдау мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Соның нәтижесінде елді мекендерде жаңа өндірістер ашылып, әлеуметтік инфрақұрылым жаңарып, тұрғындардың табысын арттыруға бағытталған нақты жобалар жүзеге асырылуда. Осындай оң өзгерістердің айқын үлгісін Сырдария ауданындағы Бесарық ауылынан көруге болады.
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың Сырдария ауданына жұмыс сапары барысында Бесарық ауылына арнайы атбасын бұруының өзі осы елді мекеннің бүгінде өңірдегі даму қарқыны жоғары ауылдардың біріне айналғанын аңғартады. Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы әлеуметтік және өндірістік нысандардың жұмысымен танысып, тұрғындармен жүздесіп, ауылдың алдағы даму жоспарларын талқылады.
Сапар №12 аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінен басталды. Бұл – ауыл жастарының дене тәрбиесімен тұрақты айналысуына мүмкіндік беретін маңызды нысандардың бірі. Мұнда дзюдо, бокс және таэквондо секциялары жұмыс істейді. Қазіргі таңда 180 бала спортпен тұрақты шұғылданса, олардың білімі мен тәрбиесіне 18 қызметкер еңбек сіңіруде. Соңғы жылдары ауыл жастарының спортқа қызығушылығы артып, түрлі деңгейдегі жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп жүргені қуантады. Бұл – ауылдағы спорт саласына жасалған қолдаудың нақты нәтижесі.
Одан кейін облыс әкімі ауылдың орталық алаңында тұрғындармен кездесіп, елдің көкейіндегі мәселелерге құлақ түрді. Ашық пікір алмасу барысында ауылды көркейту, инфрақұрылымды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу, жастарға жағдай жасау мәселелері сөз болды. Мұрат Ергешбаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру екенін атап өтіп, көтерілген ұсыныстардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын жеткізді.
Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы ауылдағы шағын өндірістік орталық пен мәдениет үйінің жұмысын көрді. Бұл нысандардың әрқайсысы ауылдың дамуына өзіндік үлесін қосып келеді. Әсіресе өндірістік орталықтың іске қосылуы кәсіпкерлікті дамытып, ауыл экономикасына жаңа серпін берген маңызды жобалардың бірі болды.
Бесарық – Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиімділігін дәлелдеген ауылдардың бірі. Бағдарлама ауыл тұрғындарының өз кәсібін бастауына, өндіріс көлемін ұлғайтуына және тұрақты табыс табуына жол ашты. Бүгінде ауылда бұрын болмаған өндіріс орындары іске қосылып, жаңа жұмыс орындары құрылып жатыр.
Соның ішінде «Абай-Дәулет» серіктестігінің демеушілігімен ашылған фри картобын өндіретін зауыт ерекше маңызға ие. Сонымен қатар ауылда наубайхана, кондитерлік және жартылай дайын өнімдер өндіретін цехтар, жұмыс қолғаптарын тігетін кәсіпорын, пластик ыдыстар, тұрмыстық сабын және ағаш бұйымдарын шығаратын өндіріс орындары тұрақты жұмыс істеуде. Мұндай жобалар ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып қана қоймай, өңірде өндірілетін өнім көлемінің артуына, импортты алмастыратын тауарлардың көбеюіне ықпал етіп отыр.
Қызмет көрсету саласы да назардан тыс қалған жоқ. Ауылдағы «Қызылорда» супермаркеті мен дәмхана тұрғындарға сапалы қызмет ұсынып, ауылдағы кәсіпкерліктің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.
Өткен жылы пайдалануға берілген жалпы аумағы 1000 шаршы метр болатын шағын өндірістік орталық бүгінде ауыл кәсіпкерлерінің ортақ алаңына айналған. Мұнда 13 кәсіпкер өз өндірісін жолға қойған. Оның төртеуі «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы, бесеуі «Өңірлік инвестициялық орталықтың» қолдауымен, ал төртеуі «Абай-Дәулет» серіктестігінің қаржысы есебінен жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде 25 жаңа жұмыс орны ашылып, жобаларға 960 миллион теңге инвестиция тартылды.
Бесарықтағы бүгінгі жетістіктердің тағы бір маңызды тірегі – әлеуметтік жауапкершілігі жоғары бизнес. Соның жарқын үлгісі – «Абай-Дәулет» серіктестігі. Кәсіпорын 2018 жылдан бері ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына 1,5 миллиард теңгеден астам қаржы бағыттап келеді. Осы қаражатқа 360 орындық жаңа мектеп, 120 орындық балабақша, дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі салынды. Бұдан бөлек, көшелер абаттандырылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, ауылдың сәулеттік келбеті жаңарды.
Бүгінде Бесарық – ауылды дамытудың жаңа моделін қалыптастырып отырған елді мекендердің бірі. Мұнда мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі және халықтың еңбекқорлығы тоғысып, нақты нәтижеге айналған. Ауылдың бүгінгі келбеті – жүйелі жоспардың, тиімді басқарудың және бірлескен еңбектің жемісі.
Облыс әкімінің жұмыс сапары осы жетістіктермен танысып қана қоймай, алдағы міндеттерді айқындауға да мүмкіндік берді. Бесарықтағы оң тәжірибе алдағы уақытта өңірдің басқа ауылдары үшін де үлгі болары анық. Өйткені ауылдың өркендеуі – елдің өркендеуі, ал Бесарық бүгінде сол өркендеудің нақты көрінісіне айналып отыр.

