Қызылорда қаласы әкімдігінің мәжіліс залында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидасын қоғамда кеңінен насихаттау және оның негізгі бағыттарын түсіндіруге арналған маңызды кездесу өтті. Жиынның басты мақсаты – азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету және қоғамда тәртіп пен жауапкершілік қағидаларын орнықтыру болды.

Бүгінде Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидасы еліміздегі әділетті қоғам құру жолындағы негізгі басымдықтардың біріне айналды. Бұл бастама азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтіп қана қоймай, қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 1 сәуірдегі «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын» іске асыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Қатысушылар аталған тұжырымдаманың негізгі бағыттарына тоқталып, құқықтық сауаттылықты арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және азаматтардың заң талаптарына деген жауапкершілігін күшейту жөніндегі міндеттерді саралады.

Жиынға Қызылорда қалалық прокуратурасының өкілдері, құқық қорғау органдарының ардагерлері, қалалық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, мемлекеттік мекемелердің басшылары мен қоғам белсенділері қатысты. Кездесу барысында қатысушылар заң үстемдігін нығайту, қоғамдық тәртіпті сақтау, жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Сондай-ақ, құқықтық мемлекет қалыптастыру ісінде мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылын күшейтудің маңыздылығы атап өтілді. Қоғамда заңға құрмет пен тәртіпке бағыну мәдениетін орнықтыру әрбір азаматтың ортақ міндеті екені айтылды.

Жиын қорытындысында қала әкімдігіне қарасты мекемелерде қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған тұрақты оқыту семинарларын өткізу, түсіндіру жұмыстарын күшейту және тұрғындар арасында «Заң мен тәртіп» қағидасын кеңінен насихаттау бойынша нақты міндеттер белгіленді. Сонымен қатар, жастар мен жасөспірімдер арасында құқықтық тәрбие жұмыстарын жандандыру, ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын көбейту жөнінде ұсыныстар қабылданды.

Мемлекет басшысы атап өткендей, заңға бағынатын қоғам ғана тұрақты дамудың даңғыл жолына түседі. Сондықтан «Заң мен тәртіп» қағидасын өмірлік ұстанымға айналдыру – әрбір азаматтың жауапкершілігі. Бұл бастама Әділетті, Таза әрі Қауіпсіз Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадам болып табылады.

Заң үстемдігі салтанат құрған жерде тәртіп орнығып, қоғамдық келісім мен тұрақтылық нығаяды. Ал тұрақтылық – ел дамуының берік негізі.

БӨЛІСУ