14 маусым – Дүниежүзілік донорлар күніне орай облыстық қан орталығында «Қан тапсыр, плазма тапсыр, адамдарға өмір сыйла және мұны жиі жаса» атты акция ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Мая Мирзанова мен облыстық қан орталығының директоры Жалғасбек Тұрлыбекұлы донорларды мерекемен құттықтап, қан қызметінің дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар азаматты Алғыс хаттармен марапаттады.
Донорлық – адам өмірін арашалап қалуға бағытталған ең ізгі амалдардың бірі. Қан тапсыру арқылы әрбір азамат өзгеге үміт сыйлап, қоғамдағы жауапкершілік пен жанашырлықтың жарқын үлгісін көрсетеді.
Өңірде қан қызметін жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде өткен жылы Қызылорда облыстық қан орталығы жаңа заманауи ғимаратқа көшіп, халықаралық стандарттарға сай жабдықталды. Бүгінде мұнда донорлар мен медицина қызметкерлеріне барлық қолайлы жағдай жасалған.
Жаңа орталықтың жылдық қуаттылығы 10 мыңға дейін донация қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл тұрғындарды сапалы әрі қауіпсіз қан компоненттерімен қамтамасыз етуге жол ашып, өңірдегі денсаулық сақтау саласының әлеуетін арттыруға ықпал етуде.
Донорлардың жанашырлығы мен азаматтық белсенділігі талай адамның өмірін сақтап қалуға сеп болып келеді. Сондықтан донорлық қозғалысты дамыту – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі.

