Сыр өңірі тағы да білім саласындағы көшбасшылық орнын дәлелдеді. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада қорытындысында Қызылорда облысының командасы «Ең үздік олимпиадалық команда» номинациясын иеленді. Бұл – бір күннің немесе бір жылдың жетістігі емес, жылдар бойы қалыптасқан жүйелі жұмыстың, ұстаз бен шәкірттің тынымсыз еңбегінің нәтижесі.

Халықаралық және республикалық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жоба байқауларының жеңімпаздары және олардың жетекші ұстаздарымен өткен кездесуде облыс әкімі Мұрат Ергешбаев білім саласындағы жетістіктердің маңыздылығына тоқталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім мен ғылымды дамытуға бағытталған саясатының арқасында өңірде білім беру инфрақұрылымы жаңарып, дарынды балаларды қолдаудың жаңа мүмкіндіктері қалыптасып келеді.

Бүгінде білім – мемлекеттің стратегиялық капиталы. Қарқынды дамып жатқан әлемде елдің бәсекеге қабілеттілігі ең алдымен адами капиталдың сапасымен өлшенеді. Сондықтан оқушылардың халықаралық және республикалық деңгейдегі жеңістері жеке жетістік қана емес, өңірдің интеллектуалдық әлеуетінің көрсеткіші саналады.

Биылғы оқу жылы Қызылорда облысы үшін табысты болды. 29 оқушы халықаралық олимпиадаларда жүлдегер атанса, 143 оқушы республикалық олимпиада мен ғылыми жобалар байқауларында үздік нәтиже көрсетті. Екі оқушы жоғары оқу орындарының білім грантын жеңіп алды. Бұл көрсеткіштер өңірдегі дарынды балалармен жүргізілетін жұмыстың нәтижелі екенін аңғартады.

Соңғы жылдары Қызылорда облысы Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері бойынша да республикадағы алдыңғы қатардан көрініп келеді. Екі жыл қатарынан өңір оқушыларының орташа балы бойынша республикада көш бастап, білім сапасының жоғары деңгейін дәлелдеді. Бұл көрсеткіштер білім беру жүйесінің барлық буыны тиімді жұмыс істеп жатқанын көрсетеді.

Жетістіктің негізінде ұстаздардың өлшеусіз еңбегі жатыр. Дарынды баланың қабілетін байқап, оны ғылыми ізденіске, білім бәсекесіне дайындау – үлкен жауапкершілік пен кәсіби шеберлікті талап етеді. Сондықтан салтанатты жиында халықаралық және республикалық білім додаларында жоғары нәтиже көрсеткен оқушыларды дайындаған 30 жетекші ұстаздың облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, шипажайларға жолдама алуы – педагог еңбегіне көрсетілген құрметтің нақты көрінісі болды.

Өңірдегі білім саласының дамуына соңғы жылдары ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауымен Қызылорда облысында 200-ден астам әлеуметтік нысан пайдалануға берілсе, соның 46-сы білім беру саласына тиесілі. Бұл жаңа мектептер, қосымша білім беру ұйымдары, шығармашылық және ғылыми орталықтар.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында өңірде 10 жаңа мектеп салынды. Сонымен қатар физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты мен музыкалық колледждің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Бұл білім беру ұйымдары оқушылардың сапалы білім алуына және жан-жақты дамуына мүмкіндік жасап отыр.

Дарынды балаларды қолдау бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қызылорда қаласында «Оқушылар сарайы» мен «Сыр жұлдыздары» академиясы жұмыс істейді. Ал Жалағаш, Жаңақорған және Шиелі аудандарында жаңа «Оқушылар үйлері» мен «Өнер мектептері» ашылып, ауыл балаларының шығармашылық және ғылыми әлеуетін дамытуға жағдай жасалды.

Жуырда пайдалануға берілген жаңа балалар тынығу лагері мен Президент саябағындағы Ботаникалық білім беру орталығы да жас ұрпақтың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, ғылым мен табиғатқа қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды жобалардың қатарын толықтырды.

Бүгінгі таңда Қызылорда облысында білім беру саласы тек мектеп салумен немесе материалдық-техникалық базаны нығайтумен шектелмейді. Негізгі мақсат – ойлай алатын, зерттей білетін, әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті жаңа буын қалыптастыру. Олимпиада жеңімпаздарының жетістігі осы мақсаттың жүзеге асып жатқанын көрсетеді.

«Ең үздік олимпиадалық команда» атағы – Сыр өңірінің білім саласындағы әлеуетін айқындайтын маңызды жетістік. Бұл жеңіс ұстаздар мен оқушылардың ғана емес, білім сапасын арттыруға күш жұмылдырып отырған тұтас өңірдің ортақ табысы. Ең бастысы – бұл жетістік алдағы уақытта халықаралық ғылыми және білім кеңістігінде Қазақстанның абыройын асқақтататын жаңа буынның өсіп келе жатқанын дәлелдейді.

БӨЛІСУ