Халықаралық балаларды қорғау күніне орай еліміздің түкпір-түкпірінен келген 100 оқушыға ерекше мүмкіндік жасалды. Мемлекет басшысының резиденциясы – Ақорда дарынды әрі үздік оқушыларға есігін айқара ашып, жас буынға елдің басты саяси ордасымен танысуға жол ашты.

Танымдық экскурсияға пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, оқу озаттары, шығармашылық байқаулар мен спорттық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар қатысты. Бұл шара олардың білім мен еңбектің арқасында жеткен жетістіктерін бағалап, ынталандыру мақсатында ұйымдастырылды.

Экскурсия барысында оқушыларға Ақорданың салыну тарихы, сәулеттік ерекшеліктері мен мемлекеттік басқару жүйесіндегі маңызы туралы жан-жақты ақпарат берілді. Жеткіншектер ресми қабылдаулар өтетін салтанатты залдарды аралап, Мемлекет басшысының кітапханасымен танысты. Сондай-ақ резиденция аумағындағы көрікті бақта серуендеп, елорданың ерекше нысандары жайлы мәлімет алды.

Шара барысында балалар Қазақстанның тәуелсіздік тарихы, мемлекеттіліктің қалыптасу кезеңдері және ұлттық құндылықтар туралы тың деректермен танысты. Бұл олардың ел тарихына деген қызығушылығын арттырып, отансүйгіштік сезімін нығайта түсті.

Экскурсия соңында оқушыларға Президент атынан естелік сыйлықтар табысталды. Балалар үшін бұл күн жарқын әсерге толы болып, елдің басты саяси орталығын өз көздерімен көруге мүмкіндік берген маңызды оқиға ретінде есте қалды.

Мұндай тағылымды кездесулер жас ұрпақтың мемлекетке деген құрметін арттырып, олардың болашаққа деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.

БӨЛІСУ