Оқу жылының аяқталуына байланысты Жаңақорған ауданында жасөспірімдер қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар күшейтіліп, 25-26 мамыр күндері аудан көлемінде ауқымды түнгі рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды. Рейдтің негізгі мақсаты – қоғамдық тәртіпті сақтау, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Күшейтілген профилактикалық шараға аудан әкімі арнайы қатысып, жауапты сала өкілдерімен бірге түнгі бақылау жұмыстарын қадағалады. Аудан басшысы жасөспірімдердің қауіпсіздігі – тек құқық қорғау органдарының емес, барлық мемлекеттік мекемелер мен қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.

– Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта бақылаусыз жүруіне жол бермеуіміз қажет. Балалардың қауіпсіз ортада тәрбиеленуі мен олардың құқықтық сауаттылығын қалыптастыру – баршамызға ортақ жауапкершілік. Сондықтан профилактикалық жұмыстар тұрақты әрі жүйелі түрде жүргізілуі тиіс, – деді аудан әкімі.

Рейдтік іс-шараға аудан әкімінің орынбасарлары, кент және ауылдық округ әкімдері, аудандық полиция бөлімінің бастығы, аудандық білім бөлімінің басшысы, тиісті бөлім жетекшілері, учаскелік полиция инспекторлары, білім беру ұйымдарының қызметкерлері мен мектеп директорлары жұмылдырылды. Бұл – балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың кешенді түрде жүргізіліп жатқанын көрсетеді.

Түнгі рейд барысында аудан орталығы мен елді мекендердегі жастар көп шоғырланатын қоғамдық орындар, саябақтар, көшелер, ойын-сауық орындары мен сауда нысандары бақылауға алынды. Әсіресе түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүрген жасөспірімдермен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, олардың ата-аналарымен байланыс орнатылды.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен білім саласының мамандары жасөспірімдерге заң талаптарын сақтау, қоғамдық орындардағы тәртіп мәдениеті, қауіпсіздік ережелері жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін күшейту мәселесіне де ерекше назар аударылды.

Рейд аясында кәсіпкерлік нысандарында да бақылау жүргізіліп, кәмелетке толмағандарға қатысты заң талаптарының сақталуы тексерілді. Компьютерлік клубтар, дәмханалар мен ойын-сауық орындарының иелеріне жасөспірімдердің қауіпсіздігіне қатысты талаптар түсіндіріліп, құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша ескертулер берілді.

Жауапты мамандардың айтуынша, мұндай рейдтік шаралар құқықбұзушылықтың алдын алып қана қоймай, жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға да оң әсер етеді. Сонымен қатар бұл жұмыстар ата-аналар, мектеп және құқық қорғау органдары арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.

Оқу жылы аяқталған кезеңде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың қауіпсіздігін бақылауда ұстау – аса маңызды міндеттердің бірі. Осыған байланысты ауданда профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, рейдтік шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылатын болады.

Жаңақорған ауданында қолға алынған мұндай бірлескен жұмыстар қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып отыр.

БӨЛІСУ