Жаңақорған ауданында мектеп бітіруші түлектерге арналған «Мектебім саған, мың алғыс!» атты салтанатты шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жас түлектердің өміріндегі маңызды сәттердің бірі ерекше әсермен аталып өтті. Биылғы оқу жылын қорытындылаған мерекелік жиын Жаңарық ауылындағы №167 орта мектепте өтіп, оған аудан әкімі Мажит Самитов арнайы қатысты.

Салтанатты шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталып, мектеп ауласына жиналған көпшілік ерекше көңіл күйге бөленді. Мерекелік кешке ұстаздар қауымы, ата-аналар, білім саласының ардагерлері, ауыл тұрғындары мен мектеп бітіруші түлектер қатысты. Ақ бантик таққан жас түлектер мен алғашқы қоңырау сыныбының бүлдіршіндері білім ордасымен қоштасудың әсерлі сәттерін бірге бөлісті.

Шара барысында аудан әкімі Мажит Самитов сөз сөйлеп, мектеп бітіруші түлектерді өмірлеріндегі маңызды белеспен құттықтады. Ол білім мен тәрбие беруде аянбай еңбек еткен ұстаздарға алғыс айтып, жас түлектерге үлкен үміт артылатынын жеткізді.

– Бүгін – әр түлек үшін ерекше күн. Мектеп қабырғасындағы балалық шақпен қоштасып, үлкен өмірге қадам басатын сәт. Сіздерге сапалы білім мен саналы тәрбие берген ұстаздардың еңбегін әрдайым қадірлей біліңіздер. Елдің болашағы – білімді жастардың қолында. Сондықтан қай салада жүрсеңіздер де туған елдің дамуына үлес қосатын азамат болуларыңызға тілектеспін, – деді аудан басшысы.

Сонымен қатар аудан әкімі мектеп ұжымын, ата-аналарды және ұстаздарды 2025–2026 оқу жылының табысты аяқталуымен құттықтап, алдағы Ұлттық бірыңғай тестілеуде түлектерге сәттілік тіледі.

Салтанатты шара барысында оқу жылы бойы білім мен тәрбие саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізген ұстаздар мен озат оқушыларға құрмет көрсетілді. Бірқатар мұғалімдер мен білім бәйгелерінде топ жарған оқушылар облыс және аудан әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталып, олардың еңбегі көпшілік алдында ерекше аталып өтті.

Мерекелік кештің көркін мектеп оқушыларының өнері аша түсті. Оқушылар әсерлі әндер орындап, мың бұрала би билеп, ұстаздарға арналған жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Әсіресе бітіруші түлектердің мектеппен қоштасу сәттері көпшілікті толқытпай қоймады. Ұстаздарға арнаған алғыс сөздер мен ата-аналарға деген ризашылықтары шараның мазмұнын тереңдете түсті.

Шара аясында мектептің үздік түлектері мен белсенді оқушылары сахна төріне шақырылып, олардың жетістіктері таныстырылды. Бұл – кейінгі буын үшін үлкен мотивация мен үлгі болды.

Айта кетейік, 2025–2026 оқу жылының қорытындысы бойынша Жаңақорған ауданында 1234 оқушы мектеп бітіреді. Оның ішінде 1144 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдірген. Сонымен қатар 119 оқушы «Алтын белгіге», ал 121 түлек «Үздік аттестатқа» үміткер атанып отыр. Бұл көрсеткіш аудан мектептеріндегі білім сапасының жылдан-жылға артып келе жатқанын аңғартады.

Бүгінгі мектеп бітіру салтанаты – түлектердің өміріндегі жаңа кезеңнің бастауы. Арман қуған жас буын енді үлкен өмірге қадам басып, болашаққа жол тартуда. Олардың әрқайсысы елдің ертеңі, мемлекеттің келешегі екені сөзсіз.

БӨЛІСУ