Оқу жылының аяқталуына санаулы күндер қалғанда Жаңақорған ауданында жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі тағы да басты назарға алынды. Осыған байланысты бүгін аудан әкімі Мажит Самитовтың төрағалығымен кеңейтілген мәжіліс өтіп, онда «Соңғы қоңырау» іс-шараларын ұйымдастыру, бітіруші түлектердің қауіпсіздігі, Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық және жазғы демалыс кезеңіндегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты талқыланды.
Маңызды жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдары мен төтенше жағдайлар бөлімдерінің басшылары, білім саласының жетекшілері, кент және ауылдық округ әкімдері, мектеп директорлары, учаскелік полиция инспекторлары қатысты. Мәжіліс барысында әр сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстар сараланып, алдағы міндеттер нақтыланды.
Жиында ең алдымен оқу жылының аяқталуына байланысты өтетін «Соңғы қоңырау» салтанатын жоғары деңгейде әрі қауіпсіз ұйымдастыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Аудан әкімі Мажит Самитов мектеп бітіруші түлектердің өмірі мен қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау қажет екенін айтып, барлық жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді.
– Балалардың қауіпсіздігі – ең маңызды мәселе. Әсіресе оқу жылы аяқталатын кезеңде бақылауды күшейтіп, барлық іс-шараларды талапқа сай ұйымдастыру қажет. Ешқандай рұқсат етілмеген жиындар мен қауіп төндіретін жағдайларға жол берілмеуі тиіс, – деді аудан басшысы.
Мәжілісте бітіруші түлектердің Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық барысы да кеңінен сөз болды. Білім саласының басшылары тестілеу орталықтарындағы дайындық жұмыстарын баяндап, оқушыларға психологиялық және әдістемелік қолдау көрсету бағытындағы шаралар туралы ақпарат берді. Сонымен қатар түлектерді тестілеу орындарына тасымалдау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де пысықталды.
Жиын барысында мектеп бітіру кештерінен кейін орын алуы мүмкін құқықбұзушылықтардың алдын алу, оқушылардың түнгі уақытта бақылаусыз жүруіне жол бермеу, ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын күшейту мәселелері де назардан тыс қалмады. Осыған байланысты рейдтік жұмыстарды күшейтіп, полиция қызметкерлері мен мектеп әкімшілігінің бірлескен бақылауын ұйымдастыру тапсырылды.
Сондай-ақ жаз мезгілінің басталуына орай балалардың суға шомылу кезіндегі қауіпсіздігі де кеңінен талқыланды. Аудан әкімі рұқсат етілмеген су айдындарында шомылудың алдын алу үшін түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, тұрақты бақылау ұйымдастыруды міндеттеді. Бұл бағытта ауылдық округ әкімдері, учаскелік инспекторлар мен төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері бірлесіп жұмыс жүргізетін болады.
Жауапты сала басшыларына берілген тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауда болатынын атап өткен аудан әкімі әрбір мекеме өзіне жүктелген міндетке бейжай қарамауы қажет екенін жеткізді. Оның айтуынша, балалардың қауіпсіздігі – тек білім саласының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Кеңейтілген мәжіліс қорытындысында барлық жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар беріліп, оқу жылының аяқталуы мен жазғы демалыс кезеңінде жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру міндеттелді.

