Сырдың бас шаһарында ұлт руханиятының алтын арқауы — мәдениет пен өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі жоғары деңгейде аталып өтті. А. Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде «Мәдениет – ұлттың айнасы» атты салтанатты шара мен мерекелік концерт шымылдығы өмір мен өнердің егіз ұғым екенін ұлықтаған әсерлі поэтикалық прологпен ашылып, көрерменге ерекше рухани көңіл-күй сыйлады.

Мерекелік кеште қала әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов, Қызылорда облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Оралбек Омаров және «AMANAT» партиясы қалалық филиалының атқарушы хатшысы, облыстық мәслихат депутаты Гүлшат Мұсаева мәдениет майталмандарын құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Саланың өркендеуіне, елдің мәдени келбетін қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерлер облыс әкімінің, қала әкімінің «Алғыс хаттарымен», «Құрмет грамоталарымен» және салалық кәсіподақтың төсбелгілермен марапатталды.

Концерттік бағдарлама нағыз өнер думанына айналды. «Ақмарал» би студиясы бүлдіршіндерінің тәтті биі, «Сыр сандуғаштары» вокалды тобының орындауындағы «Сәлем саған, туған ел!» әні, Сыр сүлейлерінің ізбасарлары Қуаныш Алғазиев, Мейірімжан Маханбетжанов және Нұрасыл Сұлтанбектің орындауындағы асқақ термелер мен жырлар, Абай ауылдық мәдениет үйі өнерпаздарының көңілді пародиясы мен «Сырлы саз» халықтық этно-фольклорлық ансамблінің тағылымды өнері кештің сәнін кіргізді. Шара соңында барша өнерпаздар мен көрермендер қауымы «Сені сүйем, Қазақстан!» әнін бірге шырқап, рухани кешті жоғары патриоттық рухта түйіндеді.

БӨЛІСУ