Мектеп – жас ұрпақтың болашағына жол ашатын қасиетті білім ордасы. 

№57 Е.Көшербаев атындағы орта мектебінде білім мен тәрбие егіз ұғым ретінде қатар өріліп келеді. Әр күн сайын мектеп қабырғасында шәкірттердің шат күлкісі, ұстаздардың қажырлы еңбегі мен ізденісі тоғысып, мазмұнды тіршілік жалғасуда.

Әр адамның жүрегінде ерекше орын алатын қастерлі мекені – ол  балалық шағы өткен, білім нәрімен сусындап, үлкен өмірге жолдама алған алтын ұя мектебі. Мен үшін сондай қасиетті орда – №57 Е.Көшербаев атындағы орта мектебі.

Бұл мектеп менің тек білім алған орным ғана емес, өмірлік бағыт-бағдарымды айқындаған, тұлға болып қалыптасуыма ықпал еткен киелі шаңырақ. Осында мен алғашқы жетістіктеріме жетіп, ұстаздарымнан тәлім алдым, шынайы достар таптым. Ұстаздарымның әрбір айтқан ақылы, көрсеткен үлгісі бүгінде менің кәсіби жолымда бағдаршам іспетті. Бүгінгі тақырып – өз мектебімнің тынысы, оның бүгінгі жетістігі мен ертеңгі үміті туралы болмақ.

 Қазіргі мектеп тынысы-тарих пен табыстың тұғырымен ұштасқан.   Өнегелі білім мен тәрбиенің алтын ұясына айналған , ғасырға жуық тарихы бар,бүгіні берекелі,келешегі кемел  білім ордасының   90 жылдық мерейтойы  атап өтілді.Бұл – тек бір мектептің мерекесі емес, тұтас ауылдың, талай ұрпақтың, жүздеген түлектің ортақ қуанышы болды.

 Айтулы дата аясында ұйымдастырылған мерекелік шара жоғары деңгейде өтіп, мектептің жүріп өткен жолы мен жеткен жетістіктері кеңінен насихатталды. Ардагер ұстаздарға құрмет көрсетіліп, білім мен тәрбие саласына сүбелі үлес қосқан азаматтарға алғыс хаттар табысталды. Түлектер туған мектебіне тағзым етіп, ізгі тілектерін білдірді. Оқушылардың өнерлі өрендері ән мен жырдан шашу шашып, мектеп шежіресін айшықтайтын мазмұнды көріністер қойылды.  Тарихы терең, тағылымы мол білім ордасының 90 жылдық мерейтойы абыроймен өткізіліп, өткенге тағзым, бүгінге мақтаныш, болашаққа нық қадам екенін айқын көрсетті.

 Мектеп тарихы 1934 жылы төрт жылдық бастауыш мектеп болып ашылудан бастау алады. 1933 жылғы Орталық комитеттің селолық жерлерде білім беру туралы қаулысына сәйкес алғашқы қадам жасалып, ауыл балаларына білім сәулесі шашылды.

 1996 жылдың 12 шілдесінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің №897 қаулысына сәйкес мектепке мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаев есімі берілді. Бұл – білім ордасының мәртебесін арттырып, тарихи жауапкершілігін күшейткен маңызды шешім болды. Бүгінде мектеп жанындағы мемориалды мұражай жас ұрпаққа өлкетану бағытында тағылымды тәрбие беріп келеді.

  Қазір мектепте 491 білім алушы тәлім-тәрбие алуда. Жыл сайын 500-ден астам оқушыға есігін айқара ашатын білім ордасында 64 педагог қызмет етеді. Оның ішінде:1 педагог-шебер, 5 педагог-зерттеуші,21 педагог-сарапшы,25 педагог-модератор жұмыс жасап келеді. Мектеп осы уақытқа дейін 2 күміс медаль, 20 «Алтын белгі», 9 ерекше аттестат иесін түлетіп ұшырды.

    Оқушылардың жетістіктері мен ұстаздардың жемісті еңбегі туралы №57 News онлайн үнпарағы жүйелі түрде жұмыс жасап, мектеп өмірінің айнасына айналып отыр. Бұл ақпараттық алаңда білім мен тәрбие саласындағы жаңалықтар, байқау мен олимпиада жеңімпаздары, шығармашылық және спорттық жетістіктер тұрақты түрде жарияланып келеді. Үнпарақ – мектеп пен ата-ана, ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыс көпірі қызметін атқарып, ортақ мақтаныштарды көпшілікке паш етуде.

 Мектеп тарихының жазба шежіресін жаңғырту мақсатында «Сан қыранды самғатқан алтын ұя» атты кітап та жарық көріп үлгерді.Кітапта білім ордасының қалыптасу кезеңдері, жетістіктері мен түлектер тағдыры кеңінен қамтылды. Бұл еңбек – ұрпақтар сабақтастығын айқындайтын құнды мұра екені айқын.

Сондай-ақ мектеп қабырғасында мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаевқа арналған мұражай жұмыс істейді. Мұражайда тарихи құжаттар, фотосуреттер мен құнды жәдігерлер жинақталған. Бұл тағылымды орын жас ұрпаққа елжандылық пен отансүйгіштік рух дарытып, тарихи тұлғаның өмір жолын өнеге етеді . Осындай игі бастамалар арқылы №57 Е.Көшербаев атындағы орта мектебі өткенін ұлықтап, бүгінін баянды етіп, болашаққа нық қадам басып келеді.

     Білім шыңындағы жеңістер мен жетістіктер де жетерлік.№57 Е.Көшербаев атындағы орта мектебі үшін білім додаларындағы әрбір жетістік – үлкен мәртебе. Жыл сайынғы зияткерлік жарыстар, білім олимпиадалары мен ғылыми жобалардан оқушыларымыз жүлделі орындарды тұрақты түрде еншілеп келеді. Мектеп шәкірттері білім саласындағы белсенділіктерімен аудан мен облыс көлемінде ерекшеленіп отыр. 2023/2024 оқу жылында оқушыларымыздың кейбір жетістіктері:Жалпы білім беретін пәндер бойынша 8–11 сынып оқушыларына арналған республикалық ғылыми жобалар конкурсында «Өлкетану» секциясы бойынша Нұралы Данагүл облыс намысын абыроймен қорғап, III орын иеленді.Жалпы білім беретін пәндер бойынша 9–11 сынып оқушылары арасындағы республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде география пәнінен 10-сынып оқушысы Мырзаханова АнельIII орынға ие болды.2–7 сынып оқушылары арасында өткен Республикалық «ЗЕРДЕ» ғылыми жобалар байқауының облыстық кезеңінде 6-сынып оқушысы Айдарбек ЖұлдызайII орын иеленді.2021/2022 оқу жылында ұйымдастырылған Айқанат олимпиадасының екі кезеңінен сәтті өткен Нұралы Нұрасыл республикалық деңгейде жүлдегер атанып, IQ IP-I Qanat High School of Burabay-дан ұсыныс алып, білім грантын жеңіп алды. 2023/2024 оқу жылында өткен «IQanat» олимпиадасының финалисі, қазіргі таңда «IQanat» менторы 10 “А” сынып оқушысы Баймырзаева Гүлсезім,2024-2025 оқу  жылында  өткен «IQanat» олимпиадасының  жеңімпазы атанған грант иегері Базарбааев Нұрдәулет , «IQanat» олимпиадасының финалистері  Жарылқапова Айзере, Мырзаханова Жәнел  мектеп мақтаныштары атанды.

  Жетістіктер жалғасын тапты. 2025-2026 оқу жылында өткен олимпиада мен ғылыми жоба жеңімпаздары анықталып, шәкірттердің табанды еңбегі мен ұстаздардың тынымсыз ізденісінің жарқын нәтижесін көрсетті.17–19 желтоқсан күндері өткен аудандық пән олимпиадасының ІІ кезеңі қорытындысы бойынша мектебіміздің 5-6, 7-8 , 9–11 сынып оқушылары жүлделі орындарға ие болып, алғыс хаттармен марапатталды. Әсіресе, биология, физика, қазақ тілі мен әдебиеті, география, тарих пәндері бойынша жоғары нәтижелер – білім сапасының айқын дәлелі. Облыс әкімінің жүлдесіне арналған “Сыр лигасы” жобасы аясында “Жігіттердің сұлтаны-2025” байқауының облыстық кезеңінде №57 орта мектебінің “Қыран” командасы жүлделі ІІ орынды жеңіп алды.

  Бұл жетістіктер – жүйелі дайындықтың, ұстаз бен шәкірт арасындағы тығыз байланыстың, мақсатқа деген ұмтылыстың жемісі. Әрбір жеңіс – мектеп абыройын асқақтатып қана қоймай, өзге оқушыларға үлгі, болашаққа сенім береді Білім саласындағы жетістіктерімізбен қатар, спорттағы табыстар да еріксіз назар аудартары сөзсіз. Мектепте түрлі бағыттағы үйірмелер жұмыс жасап, оқушылардың   шығармашылққа ,спортқа деген қызығушылығын арттыруда.Қол күрес: ҚР чемпионаты алдындағы облыстық іріктеу турнирінде 9-сынып оқушысы Темірбек Айзере II орын иеленіп, республикалық чемпионатқа жолдама алды.Гір тасын көтеру: облыс біріншілігінде 10-сынып оқушылары Балтабекұлы Батырхан, Ернатқызы Еркеназым І орын, Кеулімжаев РасулII орын алып, республикалық турнирге жолдама алды. Еркін күрес: Республикалық турнирде 6-сынып оқушылары Рүстемов Шыңғыс І орын, Секенбаев Жомарт және Ақмырзаев Нұрқанат II орын, Құрақбаев Нұрислам III орын алды.Асық ату: Республикалық чемпионатта 5-сынып оқушысы Қазбекұлы Ақылжан II орын иеленді. Облыстық іріктеу кезеңінде 5–6 сынып оқушылары Жақсанов Қ., Әбжәмиев Д., Сауренов Е., Қуатжанұлы Н. III орын алды.Жеңіл атлетика: 5–6 сынып оқушылары облыстық іріктеуде І орын алып, республикалық чемпионатта өздерінің ептіліктерін көрсетті. Сонымен қатар «Оқуға құштар мектеп», «Балалар кітапханасы», «Дебат» , «Мектеп театры » жобалары нәтижесі алдыңғы қатардан көрініп келеді. Жалпы білім беру ұйымдарының 9-11 сынып оқушылары арасында өткізілген облыстық пікірсайыс турниріне қатысып, «Ең мақсатты айқын ойыншы» номинациясын жеңіп алды.   Ұстаздар қауымы білім мен спорттағы белсенділікті қолдап, шәкірттердің дарындарын дамытуды жалғастыруда.

  Мектебіміз заман талабына сай дамып келеді. Биология,физика,химия  кабинеттері заманауи  құрал-жабдықтармен  жабдықталып ,оқушылардың тәжірибелік дағдыларын дамытуға мүмкіндік жасады. Жаңартылған оқу ортасы  шәкірттердің сапалы білім алуына жаратылыстану пәндеріне деген қызығушылығын   күшейтуге  арналған керемет мүмкіндік. .  Мектеп тынысы – тек сабақ үдерісі ғана емес, ол – өнер мен спорттың, ізгілік пен бірліктің мекені. Осындай берекелі ортада тәрбиеленген шәкірттер ел болашағының сенімді тірегі болары сөзсіз.

 Бүгінгі күнгі мектептің жетістіктері – басшылықтың жүйелі жұмысының нәтижесі деп білемін. Ұжымды бір мақсатқа жұмылдыра білген мектеп директоры  Надежда Жұмаханқызы Абишева  білім мен тәрбиенің биік белестерін бағындыру жолында аянбай еңбек етіп келеді.

 №57 Е.Көшербаев атындағы орта мектебі – бірлігі бекем, мақсаты айқын, болашағы нық білім ордасына айналды. Ұжымды ортақ іске жұмылдырып, әр педагогтің әлеуетін ашуға, әр оқушының қабілетін дамытуға жасалған жанашырлық бен табанды еңбек өз нәтижесін берері анық.

Мен үшін туған мектебім – өткенімнің естелігі ғана емес, бүгінгі еңбегімнің ордасы, болашағымның бір бөлшегі. Мектеп абыройы асқақтай берсін! Шәкірттері білімді, ұстаздары мәртебелі болсын!

БӨЛІСУ