15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «PARENTS TALK: Бақытты отбасы» атты облыстық ата-аналар форумы өтті. Отбасы құндылықтарын ұлықтап, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған маңызды шараға білім беру ұйымдарының директорлары, педагог-психологтар, ата-аналар, қоғамдық ұйым өкілдері мен сала мамандары қатысты.
Қазіргі қоғамда бала тәрбиесі, жасөспірімдердің психологиялық саулығы және отбасындағы рухани байланыс мәселесі күн тәртібінен түспейтін өзекті тақырыптардың біріне айналды. Осыған орай ұйымдастырылған форум ата-аналарға қолдау көрсетіп қана қоймай, олардың тәрбиедегі жауапкершілігін арттыруға, бала тәрбиесіндегі заманауи тәсілдерді талқылауға мүмкіндік берді.
Форумның негізгі мақсаты – отбасы институтын нығайту, ата-аналардың психологиялық-педагогикалық сауаттылығын арттыру, бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелерді ортаға салу және ата-ана мен бала арасындағы сенімді қарым-қатынасты дамыту.
Шара барысында қатысушылар жасөспірімдердің психологиялық саулығы, қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру, отбасындағы эмоционалдық қолдаудың маңызы, ерекше білімді қажет ететін балаларды тәрбиелеу ерекшеліктері, сондай-ақ жасөспірімдермен тиімді коммуникация орнату мәселелері жөнінде кеңінен пікір алмасты.
TEDx форматында ұйымдастырылған мазмұнды кездесуде тәжірибелі психологтар, психиатр мамандар, қоғамдық қор өкілдері мен белсенді ата-аналар өз тәжірибелерімен бөлісті. Спикерлер қазіргі балалардың эмоционалдық күйі, әлеуметтік желінің әсері, буллингтің алдын алу, ата-ананың бала өміріндегі рөлі секілді маңызды тақырыптарға тоқталып, қатысушыларға практикалық кеңестер ұсынды.
Форум аясында ерекше форматтағы әсерлі сәттердің бірі – жасөспірімдердің ата-аналарға арналған бейнеүндеуі болды. Онда балалар өз ойларын ашық айтып, ата-ананың қолдауы мен түсіністігінің қаншалықты маңызды екенін жеткізді. Бұл қатысушыларға үлкен ой салып, ата-ана мен бала арасындағы байланыстың қадірін тереңірек сезінуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар шара барысында шығармашылық көрмелер ұйымдастырылып, мәдени бағдарламалар ұсынылды. Қатысушылар отбасы құндылықтарын насихаттайтын көрмелерді тамашалап, тәрбиелік мәні зор өнер туындыларымен танысты.
Мамандардың айтуынша, бала тәрбиесі – тек отбасының ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан мектеп пен ата-ананың өзара байланысын күшейту, балаларға қолайлы психологиялық орта қалыптастыру және олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі.
Осындай тағылымды кездесулер отбасы құндылықтарын дәріптеп қана қоймай, ата-аналардың психологиялық мәдениетін арттыруға, қоғамдағы отбасы институтының рөлін күшейтуге және ұрпақ тәрбиесіндегі өзара қолдауды нығайтуға зор ықпал етеді.
«PARENTS TALK: Бақытты отбасы» форумы – ата-ана мен бала арасындағы сенім мен түсіністікті тереңдетіп, отбасы жылуы мен мейірімін дәріптеген маңызды алаң ретінде есте қалды.

