ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Үкіметте өнеркәсіп және құрылыс, энергетика және көлік салаларын дамытуға арналған кеңестер өтті. Жиындарға тиісті министрліктердің басшылары қатысып, ел экономикасының стратегиялық бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың қорытындылары мен алдағы жоспарлар жан-жақты талқыланды.

Кеңестер барысында өңдеу өнеркәсібін дамыту, жер қойнауын тиімді пайдалану, энергетикалық қауіпсіздікті күшейту және көлік-логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелеріне айрықша назар аударылды. Сонымен қатар, инвестициялық жобаларды іске асыру, өндіріс көлемін ұлғайту және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты міндеттер белгіленді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің желісі бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелері қаралып, ел аумағында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың маңыздылығы атап өтілді. Әсіресе, өндірістік инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа өндіріс орындарын ашу және азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері күн тәртібіндегі негізгі бағыттардың бірі болды. Сондай-ақ саланы басқаруда заманауи тәсілдерді енгізу, цифрлық жүйелерді жетілдіру және нормативтік-құқықтық базаны жаңарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар сараланды.

Кеңес барысында энергетика саласының қазіргі ахуалы мен даму перспективасы да кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, мұнай-газ секторындағы инфрақұрылымды жаңғырту, электр энергетикасын дамыту және жаңа генерациялық қуаттарды іске қосу мәселелері көтерілді. Жылу электр орталықтарының құрылысын жүзеге асыру барысы қаралып, энергетикалық нысандардың тұрақты әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету бойынша нақты міндеттер қойылды.

Сонымен бірге, отандық мұнай өңдеу зауыттарының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету, ішкі нарықты жанар-жағармай өнімдерімен тұрақты қамту және мұнай-газ химиясын дамыту бағытындағы жұмыстарға басымдық берілді. Жиында елді мекендерді газдандыру және халықты табиғи газбен қамтамасыз ету мәселелері де қозғалды. Вице-премьер жылыту маусымының қалыпты өтуі қатаң бақылауда болуы қажеттігін атап өтіп, жауапты сала жетекшілеріне тиісті тапсырмалар жүктеді.

Көлік және логистика салаларын дамыту мәселелері де кең көлемде талқыланды. Автомобиль жолдарының сапасын арттыру, азаматтық авиация инфрақұрылымын жетілдіру, теміржол және теңіз көлігінің әлеуетін кеңейту бойынша қолға алынған жобалардың жүзеге асу барысы қаралды. Әсіресе, көлік саласындағы процестерді цифрландыру, логистикалық тізбектердің тиімділігін арттыру және халықаралық транзиттік мүмкіндіктерді кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Жиын барысында жобаларды уақытылы әрі сапалы орындаудың маңыздылығы айтылып, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы тұрақты бақылауда болуы қажеттігі атап өтілді. Сонымен қатар, экономиканың нақты секторларын дамыту арқылы тұрақты өсімді қамтамасыз ету, отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту басты міндеттердің бірі екені айтылды.

Кеңестер қорытындысы бойынша ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев министрліктер мен жауапты мекемелерге бірқатар нақты тапсырмалар беріп, барлық жобалардың мерзімінде әрі сапалы орындалуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

БӨЛІСУ