Сыр өңірінде «Қызылорда облысы ойконимдері» атты монографияның тұсаукесері өтті.
Қызылорда облыстық ономастика комиссиясының кеңейтілген отырысында «Қызылорда облысы ойконимдері» атты ғылыми монографияның тұсаукесер рәсімі өтті. Комиссия отырысы облыс әкімінің орынбасары М.З. Шермағанбеттің төрағалығымен өткізілді. Аталған шараға комиссия мүшелерімен бірге аудан әкімдерінің салаға жетекшілік жасайтын орынбасарлары онлайн форматта қатысты.
Ғылыми монография Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары А.Абасилов, А.Әбілов және С.Біләловтердің зерттеу нәтижесімен әзірленді.
Жоба облыстық қоғамдық даму басқармасының бастамасымен «Қызылорда облысы ойконимдерінің этномәдени негізі мен этнолингвистикалық табиғаты» тақырыбында жүзеге асырылды.
Өз кезегінде М.З. Шермағанбет бүгінгі таңда ономастика саласы тарихи-мәдени, саяси-әлеуметтік және идеологиялық маңызы бар кешенді бағытқа айналғанын атап өтті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмалары аясында тарихи атауларды қалпына келтіру және елді мекендер мен көшелерге мазмұнды атаулар беру жұмыстарының маңыздылығына тоқталды.
Монография Сыр өңіріндегі елді мекен атаулары арқылы халықтың тарихи жадын, мәдени болмысын, этникалық және рухани құндылықтарын танытатын маңызды ғылыми еңбек ретінде бағаланды. Сонымен қатар, бұл еңбек елді мекен атауларын жүйеге келтіруде және оларды практикалық тұрғыда қолдануға мүмкіндік береді.
Шарада облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев, Жазушылар одағының төрағасы Қ.Есімсейітова және жоба жетекшісі Қорқыт ата атындағы университетінің ғалымы – филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор А. Абасилов кітаптың лентасын қиып, көпшілікке таныстырды.
Жоба жетекшісі А. Абасилов монографияның мазмұны мен негізгі мақсатын жан-жақты түсіндіріп, Қызылорда облысындағы елді мекен атауларының шығу төркіні, тарихи негіздері мен этномәдени ерекшеліктері ғылыми тұрғыда сараланғанын атап өтті. Сонымен қатар, зерттеу жұмысының басты мақсаты – өңірдегі ойконимдерді жүйелеу, олардың этнолингвистикалық табиғатын айқындау және тарихи атауларды сақтап, ұрпақ сабақтастығын қамтамасыз етуге үлес қосу екенін жеткізді.
Жиын қорытындысы бойынша қала және аудан әкімдіктеріне монографияда ұсынылған тұжырымдарға сәйкес елді мекен атауларын реттеу, қайта қарау және жүйелеу бағытында тиісті жұмыстарды ұйымдастыру тапсырылды.
Шара соңында монография авторларына өңірдің ономастика саласын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіріліп, алдағы ғылыми еңбектеріне табыс тіледі.

