Арал Ауданында жаңа буын білім беру үлгісін қалыптастырып келе жатқан «Келешек мектебі» бүгінгі күні өңірдің ең беделді оқу орындарының біріне айналды. Мемлекет басшысының бастамасымен ашылған білім ордасы биыл алғашқы түлектерін үлкен өмірге шығарып салады. Қысқа мерзім ішінде мектеп оқушылары түрлі ғылыми жобалар мен пәндік олимпиадаларда жоғары нәтижелер көрсетіп, өз әлеуеттерін дәлелдей білді.

Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан “Таза аула” экологиялық акциясы аясында мектепте “Жасыл мұра” атты тағылымды шара өтті. Бұл бастама тек аумақты көгалдандыруды көздемей, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтуға бағытталды. Іс-шараға әр жылдары аудан мектептерінде білім алған, бүгінде елге сыйлы азаматтарға айналған түлектер арнайы келіп қатысты.

Жарты ғасырға жуық уақыт өткен соң туған мектебіне қайта оралған аға буын өкілдері туған жерге деген құрметін нақты іспен көрсетті. 199, 177, 15, 62, 83, 220, 14, 64 мектеп түлектері мектеп ауласына 100-ден астам көшет отырғызып, келер ұрпаққа тағылымды із қалдырды. Бұл — табиғатқа жанашырлықтың ғана емес, өткен мен бүгінді жалғаған рухани сабақтастықтың айқын көрінісі.

Бүгінде «Келешек мектебі» тек сапалы білім беретін оқу орны ғана емес, ұлттық құндылықтарды ұлықтап, бірлік пен тәрбиенің ортасына айналып отыр. Жасыл желекке оранған мектеп ауласы енді өзінің көркем келбетімен қатар, мазмұнды тарихымен де ерекшеленері анық.

БӨЛІСУ