Елордада «Келешек мектептері» желісіне қарасты білім ордаларының оқушылары арасында футзалдан республикалық турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті. Елдің түкпір-түкпірінен жиналған 20 команда үш күн бойы өзара бақ сынап, шеберлік пен тактикалық дайындықтың үздік үлгілерін көрсетті. Жарыс жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың өзара тәжірибе алмасуына, достық қарым-қатынас орнатуына мүмкіндік берді.
Аталған додада Қызылорда облысы №290 инженерлік бағыттағы «Келешек мектебінің» командасы ерекше көзге түсіп, жоғары нәтижеге қол жеткізді. Турнир барысында сырбойылық оқушылар өздерінің мықты дайындықтарын, алаңдағы ұйымшылдық пен бір-біріне деген сенімділігін айқын көрсете білді. Әр ойын сайын қарсыластарынан басым түсіп, финалға дейін жеткен команда тартысты кездесулердің нәтижесінде күміс жүлдені қанжығасына байлады.
Жарыс барысында команданың тактикалық сауаттылығы, ойыншылардың жеке шеберлігі мен алаңдағы үйлесімді іс-қимылы жоғары бағаланды. Әсіресе, шешуші сәттерде сабыр сақтап, нақты шешім қабылдай білуі олардың басты артықшылығы болды. Бұл жетістік – оқушылардың ғана емес, оларды дайындаған жаттықтырушылар мен мектеп ұжымының жүйелі еңбегінің нәтижесі.
Айта кету керек, мұндай республикалық деңгейдегі турнирлер жас спортшылар үшін үлкен тәжірибе мектебі саналады. Олар өздерінің қабілеттерін шыңдап, болашақта үлкен спорт аренасында ел намысын қорғауға алғашқы қадам жасайды.
Қызылордалық жас спортшылардың бұл жетістігі өңір спортының дамып келе жатқанын айқын көрсетеді. Алдағы уақытта да осындай жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, жаңа белестерді бағындырады деген сенім мол.
