2024 жылы аудан орталығындағы Әйтеке би көшесіне мердігер мекеме – «СтроймодульАстана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген болатын. Алайда асфальт қабатының сапасыз төселуіне байланысты аталған көшенің жабындысы қысқа мерзімде жарамсыз күйге түсті.
Қазіргі таңда мердігер мекеме өз қаражаты есебінен көшені қайта асфальттау жұмыстарын бастады.
Айта кету керек, Әйтеке би көшесінің сапасыз жөнделгені жөнінде тұрғындар тарапынан бірнеше рет өтініштер түскен болатын. Бұл мәселе облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тікелей бақылауында болып, мердігер мекемеге жолды өз қаражаты есебінен сапалы қайта жөндеу жөнінде нақты тапсырма берілген болатын.
Бүгінде жол құрылысының сапасы аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың тұрақты бақылауында. Аудан басшысы тиісті сала мамандарымен бірге жүргізіліп жатқан жұмыстарды күнделікті қадағалап, мердігерге жөндеу жұмыстарын қысқа мерзімде әрі сапалы аяқтап, тұрғындар игілігіне беру қажеттігін ескертті.
Айта кетейік, жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында биыл аудан орталығында 16 көшеге ағымдағы жөндеу мен Жанқожа батыр көшесіне айналма жол салу жұмыстары жүргізілуде.
