Қызылордада көршісі мен оның анасын қатыгездікпен өлтірген 49 жастағы ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Degdarnews.kz ақпарат агенттігі kaz.nur.kz сайтына сілтеме жасап хабарлады.

Қайғылы оқиға осы жылдың қаңтар айында көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде болған еді. Қоғамда үлкен резонанс тудырған қылмыс кәмелетке толмаған жасөспірімнің көз алдында жасалған.

Іс Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралып, бүгін үкім жарияланды. Сот барысында тараптардың барлық айғақтары тыңдалып, сотталушының әрекеттері жан-жақты зерттелді. Сонымен қатар сараптамалық қорытындылар, куәгерлердің түсініктемелері және оқиға орнынан алынған дәлелдер ескерілді.

Сот шешімімен айыпталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі және 107-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. ҚР ҚК-нің 58-бабы 4-бөлігіне сәйкес, жеңілірек жаза неғұрлым қатаң жазаға сіңіріліп, түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

БӨЛІСУ