«МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ – 2026»: ҚАЗАЛЫДА ӨНЕГЕЛІ ӘУЛЕТТЕР ҰЛЫҚТАЛДЫ

Қыркүйек айының екінші жексенбісінде аталып өтетін Отбасы күні қарсаңында Қазалы ауданында «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының аудандық кезеңі қорытындыланып, үздік отбасылар салтанатты түрде марапатталды. Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында өткен шараға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, байқауға қатысқан отбасыларды айтулы мерекемен құттықтады. Салтанатты жиын барысында отбасы – қоғамның негізгі тірегі, ұлттың рухани өзегі екені атап өтіліп, шаңырақтағы татулық пен береке, бала тәрбиесі, үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету секілді дәстүрлі құндылықтардың маңызына айрықша мән берілді. Аудан әкімі өз сөзінде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының мән-маңызына тоқталып, бұл жобаның қазақ қоғамындағы отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, өнегелі әулеттердің тәжірибесін насихаттауға және ұрпақ тәрбиесіне оң ықпал ететінін жеткізді. Биыл аудандық кезеңге Қазалыдан 24 отбасы қатысып, олардың арасынан төрт әулет үздік деп танылды. «Отбасы – мемлекеттің берік іргетасы. Әрбір шаңырақтағы өзара сыйластық пен жауапкершілік қоғамдағы тұрақтылықтың негізін қалыптастырады. Сондықтан ұлттық салт-дәстүрімізді, атадан балаға жалғасқан тәлім-тәрбиені дәріптеу – баршамызға ортақ міндет», – деді аудан әкімі. Сонымен қатар ауданда көпбалалы және әлеуметтік осал топтағы отбасыларға көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдаудың нәтижесіне тоқталды. Қазіргі таңда Қазалы ауданында 674 «Алтын алқа», 1187 «Күміс алқа» иегері бар. Сондай-ақ 5493 көпбалалы отбасы мемлекет тарапынан тұрақты қолдауға ие. Соңғы төрт жылда әлеуметтік осал топтағы отбасыларға 280 баспана табысталса, оның 86-сы көпбалалы отбасыларға берілген. Биыл аталған санаттағы азаматтар үшін тағы 50 пәтердің құрылысы жүргізілуде. Бұл – отбасылардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік саясаттың нақты көрінісі. Ауданда жас отбасыларды қолдау, ұлттық құндылықтарды насихаттау және ұрпақ тәрбиесіне қатысты бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін «Руханият» орталығының пайдалануға берілуі де осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі. Байқаудың аудандық кезеңінде бас жүлде Әйтеке би кентінде тұратын Досхожаевтар отбасына табысталды. Әли Ақмырзаұлы Досхожаев пен Салия Мәдәлиқызы Ахмедова 42 жылдан астам уақыт бойы өмірдің қуанышы мен қиындығын бірге еңсеріп, 4 ұл мен 9 қыз тәрбиелеп өсірген өнегелі отбасы ретінде көпке үлгі болып келеді. Көпбалалы ана Салия Мәдәлиқызы аналық еңбегі үшін «Күміс алқа» және «Алтын алқа» төсбелгілерімен марапатталған. Бүгінде Досхожаевтар әулетінде үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық, еңбекке адалдық, отбасына жауапкершілік секілді қасиеттер берік орныққан. Бір шаңырақтан тараған ұрпақтың ынтымағы мен өзара сыйластығы – отбасы құндылығының жарқын көрінісі. Байқаудың бірінші орны Тасарық ауылдық округінен қатысқан Шахмарановтар отбасына бұйырды. Екінші орын Қазалы қаласынан Тілеповтер отбасына берілсе, үшінші орынды Майлыбас ауылдық округінің Сыдықовтар әулеті иеленді. Бұдан бөлек, байқауға қатысқан отбасылардың әрқайсысының өзіндік өнегесі мен жетістігі ескеріліп, олар «Берекелі отбасы», «Зияткер отбасы», «Бақытты отбасы» сынды арнайы номинациялармен марапатталды. Оларға аудан әкімінің атынан сый-сияпаттар табысталды. Шараның көркін байқауға қатысқан өнерлі отбасылар мен аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасы қыздыра түсті. Ән мен күйден шашу шашқан өнерпаздар көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, отбасы мерекесінің мазмұнын айшықтай түсті. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы елімізде 2014 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Байқаудың негізгі мақсаты – отбасы құндылықтарын нығайту, адамгершілік құндылықтарды жаңғырту, отбасы мен некенің жағымды үлгісін қалыптастыру және өнегелі шаңырақтардың өмір жолын көпшілікке үлгі ету. Осы уақытқа дейін Қазалы ауданынан 200-ге жуық отбасы ұлттық байқауға қатысып, өздерінің отбасылық дәстүрі мен жетістіктерін көпшілікке таныстырды. Ауданның мерейлі әулеттері бұған дейін де облыстық және республикалық деңгейдегі байқауларда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Атап айтқанда, 2023 жылы ұлттық байқаудың облыстық кезеңіне Қазалыдан Ұлы Отан соғысының ардагері Қабақ Смағұл ақсақалдың әулеті – Смағұловтар отбасы қатысып, бас жүлдені иеленді. Ал республикалық кезеңде қазалылық әулет Қазақстандағы үздік 20 отбасының қатарынан көрінді. Бұл – Қазалы жерінде отбасы тәрбиесіне, ұрпақ сабақтастығына және ұлттық құндылықтарға ерекше мән берілетінінің айғағы. Өнегелі отбасылардың өмір жолы – кейінгі буын үшін дайын тәрбие мектебі. Қиындықты бірге еңсеріп, қуанышты бірге бөліскен, ұл-қызын елге қызмет етуге тәрбиелеген мұндай шаңырақтар қоғамның рухани тірегін бекемдей түседі. Сондықтан «Мерейлі отбасы» байқауының мәні тек жеңімпаздарды анықтаумен шектелмейді. Оның басты құндылығы – ел ішіндегі берекелі отбасыларды дәріптеп, олардың өнегесін кейінгі ұрпаққа жеткізуінде. Қазақта «Отан – отбасынан басталады» деген тағылымды сөз бар. Берекелі шаңырақ көбейіп, өнегелі әулеттердің қатары артқан сайын қоғамның да іргесі нығая түседі. Қазалыдағы мерейлі отбасылардың бүгінгі буыны ұлттық тәрбиені сақтап, ата дәстүрін жалғастырып, келер ұрпаққа аманат етіп келеді.

БӨЛІСУ