ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ, КОНГО-ҚЫРЫМ ҚЫЗБАСЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ ТАЗАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен өткен жиында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу шаралары, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар және қосымша мәселелер қаралды.

Мәжілісте аудан көлемінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу, бағаны тұрақты бақылауда ұстау мәселесіне ерекше назар аударылды. Осыған байланысты жауапты сала басшыларына күнделікті мониторинг жұмыстарын күшейтіп, халыққа қолжетімді бағаны қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Сонымен қатар, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу бағытындағы жұмыстар пысықталды. Аталған аурудың таралуына жол бермеу мақсатында елді мекендердегі санитарлық тазалық пен залалсыздандыру шараларын жүйелі жүргізудің маңыздылығы айтылды.

2026 жылға Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу мақсатында ауыл шаруашылығы жануарлары мен мал қораларына кенелерге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге 4,2 млн теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Жиында сондай-ақ Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясындағы жұмыстардың барысы қаралды. Аудан аумағындағы санитарлық тазалықты сақтау, көгалдандыру, абаттандыру және күл-қоқыстарды уақытылы шығару бағытындағы жұмыстарды тұрақты жалғастыру тапсырылды.

Аудан әкімі тазалық жұмыстары тек сенбіліктермен шектелмей, күнделікті мәдениетке айналуы қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты кент және ауылдық округ әкімдеріне, жауапты бөлім және мекеме басшыларына нақты міндеттер жүктелді.

Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

БӨЛІСУ