Бүгін Қызылорда қаласында жас ұрпақтың игілігіне арналған тағы бір ауқымды нысан ел игілігіне табысталды. Президент саябағы аумағында орналасқан, жыл бойы үздіксіз қызмет көрсететін заманауи «AI-KERIM» оқу-сауықтыру орталығының ашылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
Бұл – жай ғана лагерь емес. Бұл – балалардың білім алып, тынығып, шығармашылығын дамытып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын үлкен орталық. Жоба Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асып, өңірдегі балаларға арналған ең заманауи кешендердің біріне айналды.
Орталықтың құрылысы өткен жылдың қыркүйек айында сол кездегі аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев бастамасымен қолға алынған болатын. Қысқа мерзім ішінде алып кешен бой көтеріп, бүгінде балалар игілігіне берілді.
Аймақта бүгінде 180 мыңға жуық мектеп оқушысы бар. Жазғы демалыс маусымы қарсаңында олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру – маңызды міндеттердің бірі. Биыл 170 мыңнан астам бала түрлі тынығу лагерьлерімен қамтылса, 150 мыңға жуық оқушы мектеп жанындағы лагерьлерде демалады. Өңір бойынша 7 лагерь жұмыс істейді. Ал жаңа «AI-KERIM» орталығы сол жұмыстардың ауқымын кеңейтіп, сапасын жаңа деңгейге көтермек.
Салтанатты рәсімде облыс әкімі жаңа нысанның өңір үшін маңызын ерекше атап өтті.
– Бүгін Мемлекет басшысының қолдауымен балаларға арналған ерекше орталықты ашып отырмыз. Құны 10 миллиард теңгені құрайтын бұл кешеннің материалдық-техникалық базасы халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді. Мұнда балалардың сапалы демалуына, білімін жетілдіруіне және шығармашылықпен айналысуына барлық жағдай жасалған, – деді Мұрат Ергешбаев.
300 орындық орталық аумағында 5 мың шаршы метрге жуық әкімшілік ғимарат, ірі іс-шараларға арналған заманауи ивент-аймақ, төрт бірдей жайлы жатақхана және қонақүй үлгісіндегі ғимарат орналасқан. Сонымен қатар балалардың қауіпсіз әрі қызықты демалысы үшін қажетті барлық инфрақұрылым мен жаңа технологиялық жабдықтар орнатылған. Алдағы уақытта 17 мың шаршы метрден астам аумақ толық абаттандырылып, көгалдандырылмақ.
Орталықтың басты ерекшеліктерінің бірі – жанындағы Ботаникалық бақ. Мұнда балалар табиғатты танып, экологиялық білімін жетілдіреді. Әлемнің әр түкпірінен әкелінген сирек өсімдіктер өсірілуде. Атап айтқанда, Оңтүстік Африка, Орталық және Оңтүстік Америка, Қытай елдерінен жеткізілген ерекше өсімдіктер балалардың ғылыми-танымдық қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары Президент саябағы аумағы Қызылорданың жаңа даму нүктесіне айналды. Мұнда тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, демалыс орындары мен қоғамдық кеңістіктер қарқынды салынуда. Ал «AI-KERIM» оқу-сауықтыру орталығы – осы аймақта пайдалануға берілген алғашқы ірі нысан.
Жалпы кейінгі жылдары өңірде Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауымен 200-ге жуық әлеуметтік нысан салынды. Соның ішінде білім беру саласында 43 нысан пайдалануға берілген. Олардың қатарында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясындағы 10 мектеп, физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты, музыкалық колледждің жаңа ғимараты мен жатақханасы, «Оқушылар сарайы» және «Сыр жұлдыздары» академиясы бар. Сонымен қатар Жалағаш, Жаңақорған және Шиелі аудандарында ашылған «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебі» жас буынның шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетін дамытуға бағытталған.
Рәсім барысында Мұрат Әбенов, Руслан Рүстемов және мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы сөз сөйлеп, жаңа орталықтың өңір жастары үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Шара соңында білім саласының дамуына үлес қосқан ұстаздар мен жаңа нысанды уақытылы аяқтаған мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
«AI-KERIM» – бұл жай ғана демалыс орны емес. Бұл – болашаққа салынған инвестиция. Балалардың білім алып, шығармашылығын дамытып, жаңа ортада тәрбиеленуіне мүмкіндік беретін жаңа буын орталығы. Қызылордада жас ұрпақ үшін жасалып жатқан мұндай жобалар өңірдің әлеуметтік дамуының айқын көрінісіне айналып келеді.