Балық шабақтарын құтқару шаралары бастау алды.
Адамзат өміріндегі өзіндік ерекше орны бар салалардың бірі – Балық қоры. Облыс аумағында жыл сайын мыңдаған гектар инженерлік жүйеге келтірілген суармалы егістік алқаптарда дәнді дақылдардың бірнеше түрі егілетіні мәлім.
Осының салдарынан, Сырдария өзені суының көп бөлігі маусымдық егін науқаны мезгілінде ирригациялық (суландыру) жүйелеріне жіберіліп, жыл сайын миллиондаған балық шабақтары егістік алқаптарға өтіп, сол аймақта өсіп өнеді.
Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының балық шаруашылығы бөлімінің мамандарының айтуынша жаз аяғында су жүйелерін жабу кезінде балық шабақтары бөлектенген суларда қалып, ол жерлердегі балық шабақтарының қырылу қаупінің туындауы мүмкін.
Осы аталған жағдайларға байланысты балық шабақтарының қырылу қаупінің алдын алу мақсатында Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қадағалауымен облыс көлеміндегі күріштік алқаптарда қалып қойған балық шабақтарын құтқару акциясы ұйымдастырылып келеді. Мұндай игі шара биыл да жалғасын тауып, сусыз тіршілік ете алмайтын балық шабақтарын облыс көлеміндегі Сырдария өзені мен сол маңға жақын балық шаруашылығына маңызы бар су айдындары мен учаскелеріне жіберіледі.
Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі КММ-нің қызметкерлері және Табиғат пайдаланушы “Нұрғалиев” шаруа қожалығының қызметкерлері бірлесіп, Сырдария ауданына қарасты Жаңадария арнасының су деңгейі тартылуына байланысты бөлініп қалған бөліктерінен балық шабақтары құтқарылды. Іс-шараға 2 техника, 5 адам қатысып шамамен 15 000 дана балық шабақтары құтқарылып, Іңкәрдария ауылы маңында орналасқан Ызакөл көліне жіберілді.