ТӨРТІНШІ ДЕҢГЕЙЛІ БЮДЖЕТКЕ ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛДІ

Бүгін аудандық мәслихаттың кезектен тыс 40 сессиясы өтті. Сессияға аудан әкімі Шермағанбет Мейрамбек Зинабдинұлы, облыстық бағыныстағы басқарма басшылары, қала, кент, ауылдық округ әкімдері, әкімдікке қарасты дербес бөлімдер басшылары қатысты. Сессияға аудандық мәслихаттың төрағасы Әліш Ғазиз Әлмәмбетұлы төрағалық етті.

Сессияның күн тәртібінде «2025-2027 жылдарға арналған аудандық маңызы бар қала, кент, ауылдық округ бюджеттері туралы» Қазалы аудандық мәслихатының 2024 жылғы 27 желтоқсандағы шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралды. Аталған мәселе бойынша Қазалы қаласы, Әйтеке би кенті мен ауылдық округ әкімдері хабарлама жасады.
Аудандық мәслихаттың төрағасы Ғазиз Әліш Әйтеке би кентіндегі М.Шоқай көшесінің аяқ жағына жарықшам орнату, Ақтан батыр ауылындағы Абай көшесін жөндеуге және Ақсуат ауылын газдандыру жұмыстарына жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуді жеделдету, Бекарыстан би ауылына кіре беріс жолдың жөндеу жұмыстарына бақылау жасау қажеттігін жеткізді.
Сессия соңында аудан әкімі Мейрамбек Зинабдинұлы сөз сөйлеп, облыс әкімі өз кірістеріміздің жоспарын жыл соңына дейін 3 млрд. 975,6 млн. теңгеге орындап шығуды тапсырды. Бұл бағытта тиісті шаралар қолға алынуда. Бүгінгі сессияда қала, кент, ауылдық округ бюджеттері бойынша өз кірістерін ұлғайту арқылы тиісті шығындарға бағыттау мәселелері қаралуда. Алдағы уақытта халық қалаулыларының ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, бірлесе жұмыс жүргізуге шақырды.
Сессия алдында аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өткізіліп, сессияның күн тәртібіне ұсынылған мәселелер жан-жақты талқыланды.

БӨЛІСУ