Қызылордада жедел жәрдем көліктеріне жасанды интеллект орнатылды: бұл қандай мүмкіндік береді?
Қызылорда облысында жол қозғалысы ережелерін бұзуды автоматты түрде анықтайтын заманауи жүйелермен жабдықталған жедел жәрдем көліктері іске қосылды. Бұл бастама жол қауіпсіздігін арттырып, жүргізушілердің жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.
Жоба аясында жедел жәрдем көліктеріне жасанды интеллект (AI) технологиясы, заманауи камералар мен радарлар орнатылған. Олар жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын дер кезінде тіркеуге мүмкіндік береді. Басты мақсат – жолдағы тәртіпті күшейту.
Жаңа жүйе жол ережесін бұзу деректерін жедел анықтап, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға ықпал етеді. Сонымен қатар бұл бастама ішкі істер органдарының жұмысына цифрлық шешімдерді енгізіп, олардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жедел медициналық көмек көлігінің оқиға орнына уақытылы жетуі науқастың өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқарады. Алайда жолдағы кедергілер мен жүргізушілердің тәртіп бұзуы медициналық көмектің кешігуіне себеп болуы мүмкін.
Сондықтан арнайы сигналдары қосылған жедел жәрдем көлігіне жол беру – әрбір жүргізушінің жауапкершілігі. Жолдағы бірнеше секундтың өзі адам өмірі үшін маңызды болуы мүмкін.
Қызылорда облысында қолға алынған бұл бастама жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін нығайтып, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Заманауи технологиялардың көмегімен жолдағы заң бұзушылықтарды анықтау ғана емес, ең бастысы, адам өмірін қорғау көзделіп отыр.