«Көмекке мұқтаж емеспін»: Қазақстанда 200-ден астам азамат жәрдемақыдан өз еркімен бас тартты
Мемлекеттік қолдаудан бас тарту үрдісі күшейіп келеді. Алайда бұл шешім барлық жәрдемақы алушыға қатысты емес — төлемді тоқтату әр азаматтың өз еркінде.
Қазақстанда 200-ден астам азамат кейбір мемлекеттік жәрдемақылардан өз еркімен бас тартуға шешім қабылдады. Олардың қатарында кәсіпкерлер, көпбалалы ата-аналар және тұрмыстық жағдайын жақсартып, отбасын өз күшімен қамтамасыз етуге мүмкіндігі жеткен азаматтар бар.
Бір кездері мемлекет көмегіне мұқтаж болған отбасылар бүгінде табысын арттырып, аяққа нық тұра бастаған. Енді олар өздеріне тиесілі әлеуметтік төлемді алуды тоқтатып, көмектің шын мұқтаж жандарға бағытталғанын қалайды.
Бірақ бұл жерде бір маңызды жайт бар: мемлекет жәрдемақыдан бас тартуды ешкімге міндеттеп отырған жоқ.
Жәрдемақыдан бас тарту үшін не істеу керек?Бұған дейін кейбір әлеуметтік төлемдер азаматтың белгілі бір санатқа жатуына қарай тағайындалып, тіпті өтінішсіз автоматты түрде рәсімделетін. Ал енді азаматтарға SMS-хабарлама арқылы төлемнен өз еркімен бас тарту мүмкіндігі ұсынылып отыр. Отбасының цифрлық картасындағы мәліметтер негізінде әлеуметтік жағдайы жоғары А санатына жататын кейбір отбасыларға осындай хабарламалар жіберілген.
Азамат SMS-ке жауап беру арқылы өз шешімін білдіре алады. Өз еркімен бас тартылған төлем 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатылады. Бұл ретте тек азамат бас тартқан төлем ғана тоқтайды. SMS-хабарламаның келуі жәрдемақы автоматты түрде тоқтатылады дегенді білдірмейді. Шешімді азаматтың өзі қабылдайды. Ал төлемді алуды жалғастырғандар заңда көзделген құқығын пайдалана береді.
«Бұрын бізге көмектесті, енді өзгелерге бұйырсын»
Ақтөбе қаласының тұрғыны, алты баланың анасы әрі кәсіпкер Қалауша Садықова мемлекеттік қолдаудың қадірін жақсы түсінеді. Кәсібін енді бастаған кезде жәрдемақы отбасы үшін елеулі көмек болғанын айтады. Қазір кәсібі дамып, отбасын өздігінен қамтамасыз етуге мүмкіндігі жеткен соң, көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақыдан өз еркімен бас тартуды ұйғарған. Оның пікірінше, мемлекеттік қолдаудың шын мұқтаж отбасыларға бағытталуы — маңызды мәселе.
Бұл — бір отбасының ғана емес, әлеуметтік жауапкершіліктің де көрінісі. Дегенмен әр отбасының жағдайы әртүрлі: біреудің табысы артса, енді біріне мемлекеттік көмек әлі де аса қажет.
Мемлекеттік көмектен бас тарту міндет емес.
Отбасының цифрлық картасы азаматтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын бағалап, мемлекеттік қолдауды нақты қажеттілікке қарай бағыттауға мүмкіндік береді. Мұндағы басты мақсат — көмекті шын мұқтаж отбасыларға уақтылы жеткізу. Бірақ жәрдемақы алуға заңды құқығы бар азаматтар үшін өз еркімен бас тарту міндетті талап емес.
Мемлекеттік көмекке мұқтаждық — әр отбасының жеке жағдайына байланысты. Сондықтан SMS-хабарлама алған азаматтар төлемнен бас тарту туралы шешімді асықпай, өздерінің нақты табысы мен отбасының қажеттілігін ескере отырып қабылдағаны жөн.