Қазалы ауданында ұлы ақын, ойшыл, ағартушы, композитор Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын ұлықтап, өскелең ұрпаққа тағылымды ойларын кеңінен насихаттауға бағытталған мазмұнды мәдени шара өтті. 10 тамыз – Абай күніне орай Руханият орталығында ұйымдастырылған «Хакім Абайдың аманаты» атты әдеби-сазды кешке зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының қызметкерлері, ұстаздар, жастар мен аудан тұрғындары қатысты. Тағылымды басқосуға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, Абай мұрасын ұлықтаудың, оның шығармаларындағы адамгершілік құндылықтарды бүгінгі ұрпақ санасына сіңірудің маңызына тоқталып, көпшілікке ізгі тілегін жеткізді. Аудан әкімі өз сөзінде Абайдың ұлт руханиятындағы орнына айрықша тоқталып, хакімнің шығармаларының уақыт өткен сайын өзектілігі арта түсетінін атап өтті. «Абай – қазақ халқының ғана емес, адамзат өркениетінің ой-санасына өзіндік із қалдырған ұлы тұлға. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Абайдың мұрасын жоғары бағалап, ұлы ақынды – «Абай – еліміздің ғана мақтанышы емес, әлемдік деңгейдегі ұлы тұлға» деп, халқымыздың мәдениеті мен ұлттық санасының жаңғыруына өлшеусіз үлес қосқан кемеңгер деп атап өткен болатын. Бүгінде ауданымызда Президентіміздің, Үкіметтің және облыс әкімінің қолдауымен мәдениет пен өнерді, әдебиет пен ұлттық құндылықтарды насихаттауға айрықша мән беріліп келеді. Өткен жылы Сыр өңірінде жарияланған «Руханият жылы» аясында дәл қазір өздеріңізбен бірге тағылымды шара өткізіп жатқан неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бірлестірілген «Руханият орталығы» ғимараты пайдалануға берілді. Роза Бағланова атындағы 600 орындық аудандық Мәдениет үйі, Кәукей және Майдакөл ауылдарында 100 орындық жаңа ауылдық клубтар салынып, бүгінде тұрғындар жаңа ғимараттардың игілігін көруде. Өткен жылы ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында Қазалы ауданында бірқатар ауқымды мәдени іс-шаралар өткізілді. Бүгінгі қазақтың дара тұлғасының туған күніне орай ұйымдастырылып жатқан әдеби-сазды кеш – ұлы ақынның шығармашылығын дәріптеп қана қоймай, оның терең ойларына қайта үңіліп, рухани әлеміне бойлайтын тағылымды басқосу болмақ. Ұлы ақынның мұрасы елді білімге, еңбекке, бірлікке, әділетке бастай берсін! Жастарымыз Абай армандаған білімді, бәсекеге қабілетті, парасатты ұрпақ болып өссін! Еліміздің руханияты асқақтап, ұлттық құндылықтарымыз ұлықтала берсін», – деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы. Кештің негізгі мақсаты – ұлы ойшылдың шығармашылық мұрасын кеңінен танытып қана қоймай, Абайдың адамзатқа ортақ биік ойларын бүгінгі заманмен сабақтастыру, жас ұрпақтың бойына білімге құштарлық, еңбекқорлық, адалдық, жауапкершілік пен елжандылық қасиеттерді қалыптастыру болды. Себебі Абай шығармашылығы – белгілі бір дәуірдің шеңберінде ғана қалатын мұра емес, уақыт пен ұрпақ ауысқан сайын жаңа қырынан танылып, әр буынға өзінше ой салатын рухани қазына. Шара барысында көрермен назарына Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын арқау еткен бейнеролик ұсынылып, ақынның қалыптасу жолы, қоғамдық көзқарасы, әдебиет пен өнерге қосқан үлесі кеңінен таныстырылды. Ұлы ақынның өмірлік ұстанымы мен ұрпаққа қалдырған аманаты сахналық көрініс арқылы әсерлі жеткізіліп, көрерменді хакімнің рухани әлеміне жетеледі. Сахналық қойылымда Абайдың ел болашағына алаңдаған ойлары, жастарға артқан үміті, ғылым мен білімге шақырған тағылымы көркем тілмен бейнеленді. Әдеби-сазды кештің мазмұнын ақынның қара сөздерінен оқылған үзінділер де айрықша толықтырды. Жас ақындар мен оқушылар Абайдың адамгершілік, білім, еңбек, талап, бірлік, әділет пен елдік туралы терең ойларын мәнерлеп оқып, көрерменге жеткізді. Абайдың қара сөздеріндегі «толық адам» ұғымы, адамның өзін-өзі жетілдіруі, мінез тәрбиесі, ғылым мен білімге ұмтылуы секілді мәселелерге назар аударылып, ұлы ойшылдың айтқан өсиеттерінің қазіргі қоғам үшін де маңыздылығы айқындалды. Хакім Абай «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр», «Әсемпаз болма әрнеге» секілді шығармаларында жастарды талапқа, еңбекке, ізденіске үндеп, бос мақтаннан, жалқаулықтан, надандықтан аулақ болуға шақырған. Осы орайда кеш барысында ақынның шығармаларындағы тәлім-тәрбиелік мәні зор тұстарға кеңінен тоқталып, олардың бүгінгі жас ұрпақ үшін берер тағылымы сөз болды. Әдеби кештің сазды бөлімі де көрермен көңілінен шықты. Абайдың қазақ музыка өнеріне қосқан өлшеусіз үлесін айшықтайтын «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Бойы бұлғаң» сынды әндер орындалып, ақынның сырлы да сазды мұрасы кеңінен дәріптелді. Ән арқылы Абайдың нәзік сезімі, табиғатқа сүйіспеншілігі, адам жанын терең түсінген көркемдік әлемі көрерменге ерекше әсермен жеткізілді. Ақынның поэзия мен музыка өнерін қатар өрбітіп, қазақ мәдениетіне жаңа көркемдік биіктер әкелгені де кеш барысында айқын көрініс тапты. Шараның тағы бір тағылымды бөлігі – Абай поэзиясындағы махаббат, адамгершілік пен адалдық тақырыптарына арналған жастар диалогы болды. Еркін форматтағы сұхбат барысында жастар ақын шығармаларындағы мәңгілік құндылықтар туралы ой бөлісіп, Абайдың адам болмысына, қарым-қатынасқа, сүйіспеншілік пен адалдыққа қатысты көзқарастарын бүгінгі қоғаммен сабақтастырды. Жастардың өзара пікір алмасуы арқылы ақынның «Махаббатсыз дүние бос» деген тағылымды ойының мәні ашылып, оның тек жеке сезімге ғана емес, жалпы адамзаттық мейірім, ізгілік пен рухани тұтастық ұғымдарына қатысты екені көрсетілді. Бұл өз кезегінде Абай мұрасының қазіргі жастар үшін де өмірлік бағдар бола алатынын аңғартты. Шара басталмас бұрын жиылған қонақтар Абайдың рухани әлемін танытатын арнайы көрмелерді тамашалады. Көрмеге ұлы ақынның шығармалары, қара сөздері, өмірі мен шығармашылығына қатысты әдебиеттер, танымдық материалдар қойылып, келушілерге Абай мұрасы туралы мол мағлұмат берілді. Кітап көрмесі арқылы оқырмандарға ақынның өлеңдері мен қара сөздерін қайта танып, оның шығармаларын тереңірек оқуға мүмкіндік жасалды. Мұндай мәдени-танымдық шаралар жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, ұлттық әдебиетке деген құрметін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Қазалы ауданында мәдениет пен руханиятты дамыту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Өңірде жаңа мәдениет нысандарының бой көтеруі, кітапхана, музей, жастар мен ардагерлерге арналған орталықтардың жұмыс істеуі тұрғындардың рухани қажеттілігін өтеуге бағытталған игі бастамалардың бірі. Осындай мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, ұлттық әдебиетті, өнерді, тарих пен мәдениетті кеңінен насихаттау – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Абай күніне орай өткен «Хакім Абайдың аманаты» атты әдеби-сазды кеш те осы мақсаттағы мазмұнды шаралардың біріне айналды. Ұлы ақынның мұрасы – ұлттың рухани темірқазығы. Абай адамды өзін тануға, білім мен ғылымды игеруге, еңбек етуге, әділетті болуға, елге қызмет етуге үндеді. Оның әрбір сөзі мен ойы бүгінгі қоғам үшін де маңызын жойған жоқ. Сондықтан хакімнің аманатын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, оның шығармаларын жастар арасында кеңінен насихаттау – ұлттық руханиятты нығайтудың маңызды бағыты. Қазалыда ұйымдастырылған әдеби-сазды кеш осы ұлы мұратты жалғастырып, көрерменге рухани ой салып, Абай әлеміне қайта үңілуге мүмкіндік берді. Кеш соңында қатысушылар ұлы ақынның шығармашылығынан тағылым алып, оның елдік, адамдық және білім туралы ойларының өміршеңдігіне тағы бір мәрте көз жеткізді. Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген биік гуманистік ұстанымы мен білімге, еңбекке, әділетке үндеген өсиеті әр буын үшін темірқазық болып қала бермек. Осы тұрғыдан алғанда, хакім Абайдың аманаты – ұлттың болашағына жол сілтейтін мәңгілік мұра.

БӨЛІСУ