Бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Жиынның күн тәртібінде макроэкономикалық көрсеткіштердің орындалуы, қоғамдық қауіпсіздік, оқу жылын қорытындылау және облыс әкімі тарапынан берілген тапсырмалардың орындалу барысы қаралды.
«Бүгінгі Үкімет отырысында көтерілген мәселелерге сәйкес аймақ басшысы тарапынан берілген тапсырмалар мүлтіксіз әрі сапалы орындалуы тиіс. Аудан бойынша макроэкономикалық көрсеткіштерде өсім қалыптасты. Ендігі кезекте 5 айдың қорытындысымен көрсеткіштердің жоспарға сәйкес орындалуын қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар, жазғы демалыс маусымында барлық үйірмелер мен спорттық секциялардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етіңіздер. Балаларды үйірме жұмыстарына кеңінен тартып, «Руханият орталығында» арнайы кездесулер, еңбек лагері секілді шараларды ұйымдастыру қажет. Сондай-ақ, ауданның тарихи-мәдени орындарына экскурсиялар өткізуді тапсырамын», – деді А.Ибраимов.
2026 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша ауданның негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінде оң өсім қалыптасты.
Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 20 пайызға артып, 12 269 млн теңгенің өнімі өндірілді. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі «Каспий Петролиум» және «Номад Солар» ЖШС-лерінің өндірістік есептіліктері негізінде 14,1 пайызға артты.
Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 122,7 пайызға орындалып, 8 290 млн теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2 124,3 млн теңгеге жетіп, 101,3 пайызға орындалды. Сонымен қатар, тұрғын үй, бөлшек сауда және құрылыс жұмыстары көлемінің де өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай өскені байқалады.
Жиында алдағы жазғы демалыс кезеңінде оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де талқыланды. Осыған байланысты аудан әкімі жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Мәжіліс қорытындысымен кент және ауылдық округ әкімдеріне, сондай-ақ, жауапты бөлім және мекеме басшыларына хаттамалық тапсырмалар берілді.
Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі