Бүгін ҚР Ұлттық музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлы, облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов Жанкент қалашығындағы археологиялық қазба жұмыстарының барысымен, жаңадан табылған тарихи-мәдени жәдігерлермен танысты.

Жанкент қалашығы дала көшпенділерінің және ортаазиялық егіншілік оазистердің үздіксіз түйісуінің зонасы, көш-қон және сауда жолдарының «қиылысы» болған. Бұл жерде ұзақ уақыт бойы әр-түрлі ұлыстардың орнықты бірігіп тұруы үшін шарттар құрылған. Мұнда өткен белсенді этногенетикалық процестер зерттеушілерге, халықтың тарихында аса маңызды аумақ секілді, Арал бойы өңірін бөлуге, «этногенездің арал түйіні» деп атауға мүмкіндік берген. Бірқатар ортағасырлық жазба ескерткіштері бойынша, Сырдария өзенінің төменгі жағындағы Жанкент қалашығы (Янгикент) «оғыз патшаларының» резиденциясы болған. Қаланың қалдықтары қазіргі уақытқа дейін жақсы сақталған. Қалашық жобасы бойынша тікбұрыш пішінді келген, көлемі 325*200 м. Қалашықтың солтүстік-батыс жағында жақсы сақталған цитадель орналасқан. Қаланың батыс және шығыс жағында кіретін қақпа орын тепкен. Қалашықтың фортификациясы алдына шығып тұрған жартылай дөңгелек мұнаралы сыртқы қабырғамен белгіленген.

Ескерткіште бірінші археологиялық жұмыстарды 1867 ж. Түркістан археологиялық қоғамының мүшесі П.И. Лерх бастаған1. Ескерткіштің жоспары жасалған, қалашықтың сыртында кішігірім қазба жұмыстары жүргізілген. Алынған материал бойынша ескерткіш XIV-XV ғғ. деп белгіленген.

1868 ж. ескерткішті В.В. Верещагин зерттеген2. Алдын ала анықтау жұмыстары С.П. Толстовтың жетекшілігімен Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясымен 1946 ж. өткізілді. Қалашықтың топографиялық жоспары түсірілді, материалдар жинақталды. Осы алынған материалдар бойынша қалашық тұрғындарының егіншілік-көшпенді-балық аулау комплексті шаруашылығы туралы, Хорезммен мәдени- шаруашылықтық тығыз байланыстары туралы және қалашықтың оғыздарға жататыны туралы ой пікір айтылған.

Ежелгі қалашықтың зерттелуінде жаңа кезең 2005 ж. БҒМ Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтымен, РҒА Этнология және антропология институтымен және Қорқыт атындағы Қызылорда мемлекеттік университетімен үш жақты шарт бойынша басталды.

2005 ж. далалық мезгілде солтүстік-батыс бөлігінде бірнеше стратиграфиялық шурфтар және қалашықтың шығыс бөлігінде қазба салынған.

2006 ж. қазба жұмыстарда қалашықтың шығыс бөлігінде тұрғын үй кешені зерттелген. Келесі қазба бекіністің қабырғасында салынып, қалашықтың цитаделінде жұмыстар басталды. Бұдан басқа Мыңтөбе қалашығының қорымындағы Алтын орда уақытына жататын, Жанкент қалашықтың жанында орналасқан кесене зерттелген.

Жанкент қалашығы – Қазалы ауданындағы республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші. Қазақстанның ортағасырлық, соның ішінде түркі-оғыз тайпаларының тарихын зерттеудегі маңызды нысан. VІІ–XII ғасырлардағы Сыр бойындағы ірі қалалардың бірі, Оғыз қағанатының астанасы саналған. Мұнда 2014 жылдан бері қазақстандық және шетелдік археологтардың қатысуымен кешенді зерттеу жүргізілуде.
Сапар барысында Ұлттық музейдің басшысы мен облыс әкімінің орынбасары археологтармен кездесіп, жұмыс нәтижелерін жоғары бағалады. Бірлескен жобаларды жүзеге асыру, табылған жәдігерлерді сақтау мен музейлендіру жолдарын талқылады. Қазба барысында табылған жәдігерлер ортағасырлық кезеңнің сауда, мәдениет және діни салттарын зерттеуге тың серпін береді.
Облыста 567 тарихи-мәдени мұра нысаны мемлекет қорғауына алынған, оның 31-і республикалық, 256-ы жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген, 280 нысан алдын ала есепке алынған.
Мәдениет және ақпарат министрлігі «Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» сериялық трансұлттық номинациясы бойынша Сығанақ, Жанкент қалашықтары мен Жетіасар мәдениет ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның негізгі тізіміне енгізу жұмыстарын жүргізуде.
Облыстық бюджет есебінен жыл сайын ежелгі Бәбіш мола және ортағасырлық Жанкент, Сығанақ қалашықтарында кешенді археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, музейлер қоры 10 мыңға жуық экспонатпен толықтырылды. Табылған жәдігерлердің негізінде «Шірік Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы», «Түгіскен көсемі», «Жетіасар ақсүйек әйелі» тарихи реконструкциялары жасалды.
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында тарихи-мәдени мұраларды сандық форматқа көшіру және желі қолданушыларына қолжетімді ету үшін 3D форматтағы интерактивті карта (virtualmap.xyz) жұмыс жасайды. Сайт 2018 жылдан бері қолданыста.
Қала, аудан орталықтарына жақын орналасқан республикалық және жергілікті маңызы бар 194 ескерткішке QR-код орнатылып, қонақтар мен туристерге толық ақпарат ұсынылған.
Одан кейін Берік Әбдіғалиұлы мен Шахмарман Байманов Қазалы ауданындағы «Руханият орталығына» барды.
«Руханият орталығындағы» неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі келушілерге қызмет көрсетуде.

БӨЛІСУ