Сенатта ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету мәселесі қаралды.

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары «Ауылдық елді мекендерді сапалы байланыспен және кең жолақты интернетпен қамтамасыз етудің жай-күйі туралы» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел отырысын өткізді. Қатысушылар қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздіктің қазіргі жағдайы мен келешегін, ауылдық жерлерді тұрақты және сапалы телекоммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша әзірленген ұсыныстарды талқылады.

Комитет төрағасы Әли Бектаев ауылдарды байланыс және интернетпен қамтамасыз ету тек жайлы жағдай жасау ғана емес, сонымен қатар ауылдық аумақтардың орнықты дамуы, мемлекеттік және білім беру қызметтерінің азаматтарға қолжетімді болуы, сондай-ақ шағын және орта бизнесті өркендетудің маңызды бөлігі екенін атап өтті.

«Ресми деректерге сәйкес, ауылдық жерлерде еліміз халқының шамамен 38,8%-ы тұрады және олардың цифрлық қызметтерге теңдей қолжетімді болуы әділ және инклюзивті Қазақстанды құрудың негізгі шартының бірі болып табылады. Бұл ретте елімізде азаматтық хал актілерін тіркеу, анықтама алу, жәрдемақы, субсидия және басқа да базалық сервистерді ресімдеумен қоса  барлық мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа ауыстыру қарқынды жүруде. Ауылдық жерлерде цифрлық инфрақұрылым деңгейі төмен болған жағдайда бұл миллиондаған азаматтарға негізгі құқықтар мен мүмкіндіктерге қол жеткізуді шектей отырып, нақты қиындықтар туғызады», – деп атап өтті Әли Бектаев.

Қатысушылар оң өзгерістерге қарамастан, көптеген ауылдарда байланыстың әлі де тұрақсыздығы мен жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізу мүмкіндігінің жоқтығына тоқталды. Операторлардың шалғайдағы елді мекендерде жұмыс істеуге құлықсыздығы, инфрақұрылым және электрмен жабдықтаудың жетіспеушілігі, сондай-ақ цифрлық сауаттылық деңгейінің төмендігі негізгі проблеманың қатарында аталды.

Шара қорытындысы бойынша мемлекеттік қолдауды күшейту, «Қолжетімді интернет» бағдарламасын кеңейту, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін жетілдіру және барлық әлеуметтік нысандар мен ауылдарды кең жолақты интернетке кезең-кезеңімен қосу бойынша ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ, телекоммуникациялық қызметтердің сапасын арттыру және жергілікті атқарушы органдардың инфрақұрылымдық міндеттерді шешуге қатысу қажеттігі атап өтілді.

Қызылорда облысы әкімі аппаратының “Ақпараттық технологиялар орталығының” мәліметінше, 223 ауылдың 173-інде тұратын халық саны 250 адамнан асса, қалғаны оған да жетпейді.

Халық саны 250 адамға жетпейтін 34 ауылға интернет жетіп тұрса, шалғайда орналасқан 16 ауыл алдағы уақытта интернетпен қамтылмақ.
– Халық саны 250 адамнан асатын ауылдық елді мекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз ету екі жоба бойынша жүзеге асады. Атап айтқанда, ол “Талшықты-оптикалық байланыс желісін салу” және “Интернетке мобильді кеңжолақты қолжетімділік” арқылы жүргізіледі. Алғашқы жоба бойынша ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында өңірдің ауылдық елді мекендегі 73 мемлекеттік органына арналған талшықты-оптикалық байланыс желісін құрылысы толығымен аяқталды, 64 ауылдық әкімдік, 72 білім беру және 69 медициналық мекеме аталған желіге қосылды.

Министрліктің “Қолжетімді интернет” ұлттық жобасы аясында 2023-2027 жылдар аралығында ауылдарды кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету жұмысы жүргізіледі. Бұл бойынша 62 елді мекеннің 194 мемлекеттік органына (25 әкімшілік, 57 білім, 52 аурухана, 18 балабақша, 24 кітапхана, 18 мәдениет үйі) кеңжолақты талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылады, – деп хабарлады цифрлық технологиялар бөлімінің мамандары.

2023-2027 жылдар аралығында Мойнақ, Тастүбек, Жуантөбе, Ақтам елді мекендері мобильді интернетпен қамтамасыз етілсе, биыл “Кселл” АҚ, “Кар-Тел” ЖШС (Билайн) 10 елді мекенге сапалы кеңжолақты мобильді интернет жеткізген.

Сонымен қатар, ұлттық жоба аясында Қызылорда облысы бойынша “Қызылорда-Жезқазған” автожолы бойына және “Батыс Еуропа-Батыс Қытай” автожолында автомобиль жолының бойында 9 антенна-діңгек құрылысы жоспарланып отыр. Яғни, 2027 жылға дейін автожол бойы да сапалы байланыспен қамтамасыз етіледі.

Дөңгелек үстел отырысына цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы министрліктерінің және «Қазақтелеком» АҚ басшылығы, байланыс операторларының, облыс әкімдіктерінің өкілдері, салалық қауымдастықтардың мүшелері, сарапшылар мен жұртшылық өкілдері қатысты.

БӨЛІСУ