20 маусым күні Шиелі ауданындағы «Руханият» орталығында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті ұйымдастыруымен қоғамдық қабылдау өтті.
Қабылдауға департамент орынбасары Руслан Тілеп, аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов, құқық қорғау органдары, үкіметтік емес ұйым өкілдері, заңгерлер мен жеке сот орындаушылар палаталарының мүшелері қатысты. Мақсат – азаматтарға ақысыз негізде құқықтық көмек көрсету, өзекті мәселелерін тыңдау.
Қоғамдық қабылдауға Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің, Мемлекеттік кірістер департаментінің, Денсаулық сақтау басқармасының, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, Энергетика және ТКШ басқармасының өкілдері мен «Отбасы банк» АҚ Лидер кеңесшісі қатысып, тұрғындар сауалдарына нақты жауап беріп, бағыт-бағдар ұсынды.
Мұндай шаралар азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз етудің тиімді үлгісі болып отыр.
Бұл – уақыт пен қоғам талап етіп отырған құндылық. Кез келген адам өзінің өміріне керекті құқығын және оның шегін барынша білгені абзал. Сол себепті ел болып құқықтық мемлекет құрамыз деген ұранмен алға ұмтылған кезеңде әрбір отандасымыздың құқықтық сауатын жетілдіруге талпынып, барынша осы бағыттағы біліммен «қарулануға» ұмтылуы тиіс.
Жалпы Ата заң талаптарының орындалуына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына бірден-бір кепіл болатын тұлға ретінде Мемлекет басшысы да бұл іске мүдделілік танытады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарының құқықтық санасын қалыптастыруды түрлі маңызды жиындарда сөйлеген сөздерінде, халыққа арнаған Жолдауларында да ұмыт қалдырған емес. Мәселен, Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Білікті заңгер Серік Ақылбай атап өткен құқықтық сананы қалыптастыру мәселесі де өте өзекті. Жастардың құқықтық сауатын арттыру аса маңызды. Сонда әркім өзінің құқығын қорғай біледі және өзгенің құқығын таптамайды. Заң мен тәртіп үстемдік құрған мемлекеттің тұғыры қашанда мықты болады», – деп, отандастарымызға құқықтық сананы қалыптастырудың аса маңызды екенін айтып өтті.
Бүгінде құқықтық сауаттылық пен мәдениет төңірегінде сөз қозғалса, ең алдымен, адам құқықтарын қорғау, нәсіліне, жынысына не басқа да ерекшеліктеріне қатысты кемсітуге болмайтыны туралы айтылады. Алайда құқықтық мәдениеттің аясы айтарлықтай кең. Құқықтық нигилизмнің өзі сыбайлас жемқорлықты тудырса, оның салдары «көлеңкелі» экономиканың өркен жаюына жол ашады. Осы кедергілердің кесірінен мемлекеттің қалыпты жұмыс істеуі тежеледі. Оған қоса азаматтардың заң нормалары мен өз құқықтарын жетік білмеуі мемлекет тағдырының өзгеруіне әкеп соғуы да мүмкін. Өйткені мұндай жағдайлар көбіне саяси ойындардың алғышарты болып кетуі ғажап емес.
Бұл тенденция бізде ғана емес, әлем елдерін де алаңдатқан өзекті мәселелердің қатарында. Сарапшылардың айтуынша, құқықтық сауаттылық проблемасы біздің елде де өзектілігін жоймай тұр. Құқықтық сауатсыздықтың салдары қандай мәселелер туғызуы мүмкін, құқықтық сауаттылық неліктен маңызды, мемлекеттік құрылым қандай іс-шараларға басымдық беруі керек, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін қайтпек керек, нені өзгерту керек деген сауалдар төңірегінде заңгер мамандар аз айтып жүрген жоқ.