Елімізде баласы жоқтарға салық енгізу мәселесі көтерілуде. Бұл бұрын Кеңес Одағы кезінде болған. Көкшіліктің есінде болар? Мәселені талқылаған сарапшылар мұндай шарадан гөрі мемлекет бала тәрбиесіне қолайлы жағдай жасауға назар аударуы керектігін тілге тиек етуде. Бұл туралы Информбюро жаңалықтар бағдарламасында айтылды.
Мәжiлiс депутаты Болат Керімбек елде сүрбойдақтардың көбейіп бара жатқанына алаңдаулы.
“Материалдық құндылықтар моральдық құндылықтан асып кетіп жатыр, өйткені отбасының басты мақсаты – ұрпақ әкелу және тәрбиелеу, ұрпақ жалғастыру, рухани құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізу. Уақытында үйленіп, балалы болу керек. Қазақстандық қыздардың ана болудан саналы түрде бас тартып, “өзі үшін” өмір сүруді қалайтыны алаңдатады”, – деді мәжіліс депутаты Болат Керімбек.
Мұндай шаралар көпшіліктің шамына тиері белгілі.
“Одан да дүниеге келген бүлдіршіндер жағдайы, мектепке дейінгі мекемелер, яғни балабақшалар мен қосымша білім беру институттары, орта және жоғары білім оқу орны, жастарды жұмыс орындарымен қамтамасыз ету мәселелері назарға алынсын”, – деді “Цифрлық әлеуметтік зерттеулер” ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Жанна Әубәкірова.
Сонымен қатар сарапшы біздің елде туу көрсеткіші бойынша ешқандай проблема жоқ екеніне сенімді. Бірақ Қазақстанға демографиялық саясат бағдарламасы артық етпейді.
Кеңес одағында 1992 жылға дейін ерлер мен әйелдер балалы болмағаны үшін жалақысының пайызын салыққа төлеп келді.